Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім беру саласы өкілдеріне АЭС салудың маңыздылығы түсіндірілді

Білім беру саласы өкілдеріне АЭС салудың маңыздылығы түсіндірілді

Бүгін Тереңөзек кентінің мәдениет үйінде АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов аудандық партия филиалына қарасты "Абдулпаттаев" бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесті.

Кездесуде Республикалық халықтық штаб мүшесі Мұрат Абдуламитұлы сөз алып, сала өкілдеріне АЭС салудың маңыздылығын атап өтті.


«Сала мамандарының пікірінше электр қуатын тұтыну көлемі елімізде жыл сайын 3 пайызға артуда. Ал өзімізге қажетті электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артып, экологияны ластауда. Осы орайда, дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом электр станциясының жұмысын жандандырып, нәтижесін көруде. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажеттілігін атап өткен болатын» - деді Мұрат Әбенов.

Ал Республикалық халықтық штаб мүшесі М.Жайымбетов атом энергетикасының дүниежүзі бойынша дамуы төңірегінде сөз етті.

«Қазіргі уақытта бүкіл әлемде жұмыс істеп тұрған реакторлардың көпшілігі II буын реакторлары болып табылады. Қазіргі уақытта III және III+ буын реакторларының саны көп емес. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл реакторлар дүние жүзінде ондаған жылдар бойы жұмыс істейтін болады. қару үшін қандай шаралар қолданылуда? III буын реакторларының орташа жұмыс уақыты 60 жылға есептелген, реакторлық корпусты толық жөндеу және ауыстыру арқылы пайдалану мерзімін 100 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Бастапқы лицензияның мерзімі аяқталғаннан кейін ядролық қондырғыларды ұзақ мерзімді пайдалану көптеген елдерде қалыпты жағдайға айналды» деді. Мархабат Жайымбетов.

Кездесу барысында облыстық Халықтық штаб төрағасы Алмасбек Есмаханов сөз алып, электр энергиясының тапшылығын сезінген кезеңдер туралы атап өтті.


«Өздеріңіз білесіздер, Тәуелсіздікті енді алған жылдары елімізде электр энергиясы сағаттап қана берілетін. Қазіргі уақытта 5 минутқа жарық ажыратылса, абыржып қалатын жағдайға жеттік. Дегенмен елде электр энергиясын өндіру көздері өзіміздің ішкі қажеттілікті толығымен жаба алмайды. Сол себептен, көршілес елдерден электр энергиясын сатып алып отырған жайымыз бар. Осындай тәуелділіктен арылу үшін бізге өзіміздің заманауи АЭС керек. Осы орайда, Сіздерді 6 қазан күні болашақ ұрпақ үшін, ел экономикасының әрі дамуы үшін дауыс беруге шақырамын» деді Алмасбек Есмаханов.

Басқосуда білім саласының қызметкерлері атом энергиясы, станциялары жайлы біраз мәліметтерден хабардар болғанын жеткізіп, Мемлекет басшысының бастамасын қолдайтынын айтты.
24 қыркүйек 2024 ж. 264 0