Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » EGov mobile қосымшасында құмар ойындар мен бәс тігуге қолжетімділікті шектеуге болады

EGov mobile қосымшасында құмар ойындар мен бәс тігуге қолжетімділікті шектеуге болады

Құмар ойындары – бүгінгі таңда күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі. Иә, өкінішке орай құмар ойынға тәуелділік әсіресе, жастар арасында өршіп тұр. Осыған байланысты биылғы жылдан бастап құмар ойынға тәуелді азаматтар үшін «eGov Mobile» қосымшасы арқылы бәс тігуден өзін-өзі шектей алатын жаңа қызмет түрі ұсынылды.

Елімізде қоғам дертіне айналған құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу бойынша қызмет цифрлық форматқа ауыс­тырылып, «eGov mobile» қосымшасында қолжетімді болды. Енді тек Қазақстан азаматтары ғана емес, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер де «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 ай­дан 12 айға дейінгі мерзімге өздерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеуге өтініш бере алады. Аталған жаңа қызмет түрі өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтып және құмар ойындардан бас тарту процесін жеңілдете түспек. Мамандардың айтуынша, бұл кез келген азаматқа, әсіресе шамадан тыс ойнауға әуес, тәуелді адамдарға ҚР юрисдикциясы аясында лицензиясы бар барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн-букмекерлік платформаларды қолдану­ды шектеуге мүмкіндік береді.

Шектеу қоюға өтінім беру жолдары өте оңай әрі тез, аса бір қиындық тудыратындай емес, қосымшада барлығы түсінікті етіліп көрсетілген. Ол үшін ең алдымен «eGov mobile» мобильдік қосымшасындағы «Қызметтер» қойындысына, содан кейін «Спорт» бөліміне өту керек. Қызметтер тізімі­нен «Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды шектеу жөніндегі сервис» деген пәрменді таңдау қажет. Ашылған бетте шектеу мерзімін өзіңіз қалаған айлармен көрсетіп, «Қызметке тапсырыс беру» түймесін басу арқылы әрі қарай, жылдам қол жеткізу кодын немесе биометрияны пайдаланып қызметке қол қою қажет болады. Қызметке қол қойылғаннан соң, өтінім мәртебесімен танысуға болады. Өтінімді құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын шектегісі келетін адам ЭЦҚ пайдалана отырып беруі тиіс. Қосымша арқылы үшінші тұлғалардың өтінім беруіне жол берілмейді және бұл заңсыз болып табылады.

– «eGov mobile» қосымшасы арқылы құмар ойындарға қатысуды және бәс тігуді өз бетінше шектеу бойынша қызмет көрсету соңғы уақытта қоғамның өзекті әрі түйткілді мәселесіне айналған лудомания­мен күресудегі құралдың бірі. Жаңа қызмет түрі пайдаланушыларға құмар ойындарға қатысуын бақылауға және оларға қол жеткізуге шектеулер қоюға мүмкіндік беріп, қаржылық проблемалар мен лудоманиямен байланысты жеке мәселелерді айтарлықтай төмендетеді. Дегенмен жаңа енгізілген жүйе кейбір азаматтар үшін пайдалы болса, кейбірінің құмар ойыннан біржола бас тартуына бөгет бола алмай тұрғаны өкінішті, – дейді Сырдария аудандық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бөлімінің маманы Мақпал Кершеева.

Егер қызметті алуға өтінім бұрын берілген болса, қызметті қайта алуға болады. Яғни қайта өтінім берген кезде бұрынғы өтінім туралы ақпараттық хабарлама көрсетіледі. «Иә» сөзін басқан кезде қызметті қайтадан алуға болады, осылайша оның мерзімін ұзартуға болады.
Өтінім бергеннен кейін сервис өтінімді тіркейді және қолданушы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан шектелген адамдар тізіміне өтінімді қайтарып алу құқығынсыз енгізіледі. Ойын бизнесі субъектілерінің әрбір сұрау салуы тізімде тұрған адамдардың өзге де жеке деректерін жарияламай, ЖСН бойынша жеке өңделетін болады. Ойын бизнесі субъектілерінде тізіміне қолжетімділік болмайды.

Осыған дейін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрыл­тайда азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған болатын. Қызмет Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлескен жұмысының арқасында пайда­ланушы­лар үшін қолжетімді болып отыр.

Алтынай Қайратқызы
Фото: Ашық дереккөзден
24 қыркүйек 2024 ж. 306 0