Қазақстанда күзде ауа райы қандай болады
«Қазгидромет» РМК Қазақстандағы 2024 жылдың күзіне арналған ауа райының алдын ала болжамын ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Синоптиктердің болжауынша, жылы және аз жауын-шашынды ауа райы қыркүйектің бірінші онкүндігінде ғана сақталады, одан кейін атмосфералық фронттардың жиі ауысуы байқалады. Бұл республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы жағдайына әкеледі.
Жаңбыр, екпінді жел және ауа температурасының жиі ауытқуы күтіледі, ал солтүстік облыстарда түнде 1-7°С дейін аяз болуы мүмкін.
Оңтүстік облыстарда жоғары қысымды аймақтың әсерінен жауын-шашын нормадан аз болады, ал температуралық фон салыстырмалы түрде жылы болады. Дегенмен, бір ай ішінде ауа температурасы біртіндеп төмендейді: түнде +15...+23 °C-тан +3...+10 °C-қа дейін, күндіз +25...+35 °C-тан +15...+23 °C-қа дейін.
Қыркүйек айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1° жоғары, батыста, республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда нормаға жақын болады деп күтіледі.
Қыркүйек айындағы жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде қалыпты шамада және нормадан жоғары, оңтүстік облыстарда нормадан төмен болады деп болжанды.
Қазан және қараша айларында күзден қысқы кезеңге біртіндеп көшу күтіледі. Жалпы Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы өткен жылдармен салыстырғанда төмен болады, ал жауын-шашын мөлшері республиканың барлық дерлік аймақтарында қалыпты деңгейде немесе одан да көп болады деп болжанды. Республиканың оңтүстік-батысында және орталығында жауын-шашын нормадан аз болады.
Фото: diapazon.kz