Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Электромобиль иелері тұрақта ақы төлеуден босатылады – Сенат

Электромобиль иелері тұрақта ақы төлеуден босатылады – Сенат

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды, деп хабарлайды kaz.inform.kz.

Аталған заңдардың негізгі мақсаты — елімізде экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытудың құқықтық негіздерін бекіту.

«2023 жылдың 1 қаңтарында елімізде электр қозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, қазіргі кезде 9 мыңнан астам электр көлігі бар. Осы деректер электромобиль санының күн санап еселеніп өскендігін көрсетіп отыр. Бұл дегеніміз, мемлекет жағынан электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуды талап етеді», — деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.

Негізгі заңда келесідей заңнамалық нормалар қарастырылған:

— ортақ пайдаланылатын жер учаскелерін электрмобильдер үшін беру, электрқуаттау станцияларын орналастыру, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінде орналастыру мәселелері;

— «электромобиль» және «электрозарядты станция» ұғымдарын енгізу;

— коммуналдық ақылы автотұрақтарда электромобиль көлігінің иелері үшін тегін тұрақ орындарын пайдалану;

— тұрғын аймақтардағы қуаттау станцияларын жобалау, орнату және техникалық пайдалану ережелерін әзірлеу әрі бекіту бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттілігін анықтау;

— жергілікті атқарушы органдарға электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қабылдау, сондай-ақ электрқуаттау станциялары үшін инженерлік инфрақұрылым ұйымдастыруды қамтамасыз ету бойынша өкілеттіктер беру.

«Сонымен қатар „Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне толықтыру енгізу туралы“ ілеспе Заң электр желілеріне өз бетінше қосылғаны үшін, сондай-ақ электрқуаттау станцияларымен жабдықталған орындарда көлік құралдарын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу мақсатында әзірленген», — деді депутат.

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мәліметінше, «Жол қозғалысы туралы» Заңға «электрмобиль» ұғымы енгізіледі.

Азаматтардың мынадай жеңілдікті санаттарын көлік құралдарының орынтұрағын пайдаланғаны үшін төлемақыдан босату ұсынылды: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар: мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері, көп балалы аналар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтар, электрмобильдердің иелері.

Мұнымен қоса, «Тb» және «D» санаттарының жүргізушілеріне жоғары сұраныс мәселесін шешу мақсатында автокөлік құралдарын басқаруға рұқсат беру үшін талаптар 23 жастан басталатын болып жеңілдетілді, сондай-ақ жүргізушінің жұмыс өтілі 3 жылға дейін, «D1» кіші санатына кемінде бір жылға дейін қысқартылды.

Аталған заңдардар күшіне енсе, елімізде электромобильдер санының артуына және арнайы инфрақұрылымды дамытуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде қоршаған ортаға келетін залалды азайтып, халық арасында жасыл көліктерге деген сұранысты арттырады.

Фото: aqshamnews.kz
27 маусым 2024 ж. 187 0