Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің 10 облысында жаңадан 20 су қоймасы салынады

Еліміздің 10 облысында жаңадан 20 су қоймасы салынады

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі көктемдегі су тасқынынан кейін ел аумағында салынатын су қоймасы мен бөгендерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Кaz.inform.kz.

«Еліміздегі сегіз негізгі су шаруашылық бассейндерінің жетеуі трансшекаралық болғандықтан, Қазақстан Республикасы көрші елдерден ағып келетін су ағынына тікелей тәуелді. Оған қоса, еліміз бойынша су ресурстары біркелкі шоғырланбаған. Жыл сайын ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған еліміздің оңтүстік өңірлерінде суару маусымында айтарлықтай сумен қамтамасыз ету проблемалары туындап отыратыны бар. Аталған проблемаларды шешу мақсатында Тұжырымдама аясында гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау мен оларды салу және трансшекаралық келіссөздерді ел мүддесіне сай күшейту жұмыстары атқарылып жатыр», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар ведомство биыл су тасқынының алдын алу бағытында ғылыми зерттеулер жүргізілетінін хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, су тасқынын алдын ала болжау, жоспарлау және жедел ден қою ісшараларының бірыңғай жүйесін енгізу бойынша жеке тарау дайындалды. Мемлекеттік органдардың су тасқынының алдын алу жөніндегі негізгі іс-шаралары мен құзыреттері айқындалды. Сондай-ақ, Тұжырымдамаға да өзгерістер енгізіледі. Су тасқынының алдын алу және одан келетін залалды азайту үшін кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу қарастырылып отыр. Су тасқынын болжау мен модельдеуді жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шаралар күшейтіліп жатыр», - деп аталып өткен Су министрлігі ақпаратында.

Қазіргі кезде тұжырымдамаға енгізілетін түзетулер басқа мемлекеттік органдармен талқыланып жатқаны белігілі болды.

«Сонымен қатар, су тасқынына қарсы тиімді күрес тәжірибесі бар мемлекеттердегі озық шетелдік тәжірибелер зерделеніп отыр. Тұжырымдама аясында еліміздің 10 облысында жаңадан 20 су қоймасы салынып, 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген. Салынатын 20 су қоймасы болашақта 2,5 млрд текше метрге дейін су жинай алады», - деп нақтылады министрлік.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
27 мамыр 2024 ж. 205 0