Экобелсенділер марапатталды
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Таза Қазақстан» акциясын қорытындылау мен алдағы жұмыстарды пысықтау мақсатында арнайы іс-шара өткізіліп, тазалық жұмыстарына белсене атсалысқан экобелсенділер марапатталды. Орталық алаңда ұйымдастырылған іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев қоғам тазалығын сақтау ортақ міндет екенін айтты.
– Өңірімізде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өткізілген болатын. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болды. Акцияның алғашқы «Таза өлке» аптасында елді мекен тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері аулаларды тазалады. «Киелі мекен» атты екінші аптасы ауданымыздағы тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды. «Жасыл аймақ» аптасында көшет отырғызылып, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасында ардагерлердің үйлерінің ауласы мен аумағы тазаланып, абаттандырылды. Мұнан бөлек «Мөлдір бұлақ» аптасында өзендер мен көлдер қоқыстан тазартылса, аяқ су жүретін каналдар қазылды. Бұл акцияға аудан тұрғындарының да белсенді қатысқандығын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқа біреуге емес, өзімізге керек. Азаматтарымыз қоғамдық орындар мен қоршаған ортаға жанашыр көзбен қарауға тиіс» деген болатын. Тазалық пен тәртіп – кез-келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындардың мәдениеттілігінің өлшемі. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті көркі тұрғындардың жанашырлығына байланысты. Себебі әр көшенің, әр үйдің, әр ауланың тазалығы – тұтас ауданның айнасы. Барша аудан тұрғындарын, еңбек ұжымдары мен кәсіпкерлерді алдағы уақытта да өз үйі, аулалар мен көшелерде, кент пен ауылдарда тазалық жұмыстарына ұйытқы, жақсы істерге дәнекер болуға шақырамын, – деді аудан әкімі.
Айта кету керек, көркейту-көгалдандыру мақсатында жүргізілген науқанға ардагерлер, батыр аналар, еріктілер мен белсенділер, тұрғындар мен жастар бей-жай қарамай, өз үлестерін қосты. Тазалық айлығы аясында аудан бойынша 13 мыңға жуық түп ағаш, 39 мыңға жуық гүл отырғызылса, 60 мың тонна күл-қоқыс арнайы белгіленген орындарға шығарылды. Акция аясында ұйымдастырылан тазалық жұмыстары аудандық басылым арқылы ақпараттандырылды.
«Тт» ақпарат