Жастар жанашырлықпен атсалысуда

Акция аясында ауданда да нақты жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» апталығы бойынша аулаларды, саябақтарды абаттандыру, гүл көшеттері егілді. Жол жиектеріндегі қоршауларды сырлау, арық-атыздарды, арамшөптерден тазарту, көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары күнделікті ұйымдастырылды. Сонымен қатар ауданның барлық елді мекендері мен кентте «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталығы өтіп, экологиялық акцияға барлық мекемелер атсалысты. Мекеме қызметкерлері аумақтарда санитарлық тазалық және көркейту көгалдандыру жұмыстары жүргізді. «Өнегелі ұрпақ» апталығында сырдариялық ерікті жастар жалғызбасты аналарға қолғабыс етіп, есік алдында тазалық жұмыстарын атқарды. Қыстан қалған ағаштарды жинап, тұрғын үйлердің сыртын әрлеу жұмыстарына көмек көрсетті. Сонымен қатар жастар ағаш көшеттерін отырғызып, акцияға үлес қосты.
– Еліміз бойынша өтіп жатқан акцияға жастар да, белсенді қатысуда. Апталық жоспарына сәйкес, әрбір ауылдық округтегі ерікті жастар жалғызбасты аналарға жәрдемдесуде. Бау-бақша күтіміне көмектесіп, арықтарды қоқыстан тазалады. Сонымен қатар ауылішілік су жүретін арықтарды тазалады. Аяқ судың жолын ашып, ағаш егу жұмысына белсенді қатысты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – дейді жастар ресурстық орталығының директоры А.Ахметова.
«Мөлдір бұлақ» іс-шарасында аудандағы су айдындарын, су жолдарын тазарту жұмыстарына техника күші жұмылдырылды. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Айдарлы ауылында «Уәлихан», «Тораңғылды», «Ащыкөл» каналдары қамыстардан тазартылып, елді мекенге су жеткізілуде.
Биылғы жылы көктем айының басында басталған акцияға мекеме қызметкерлерінен басқа тұрғындар да белсенді қатысуда. Әсіресе көпқабатты тұрғын үй аулаларын тазалауға, жас көшеттер отырғызуға ерекше ықылас танытуда.
– Әрбір тұрғын өз ауласын таза ұстауы керек. Көшеге қоқыс шығаруға тыйым салынғанын тұрғындар жақсы біледі. Таңертеңгілік және түстен кейінгі мезгілде қоқыс жинайтын көлік жүріп өтеді. Тұрғындар қоқыстарын көлікке тиеп жіберуге дағдыланды. Сонымен қатар байқасаңыз, көше жақ беттегі арықтарды өз бетінше әдемі қоршаумен қоршап, ағаш отырғызып жатқан тұрғындар көп. Аяқ суды уақытылы беріп тұрса, көшеде иесіз мал жүрмесе егілген ағаштар көктейді. Таза Қазақстанда өмір сүру қоғамның әрбір мүшесіне, оның мәдениеттілігіне байланысты, – дейді кент тұрғыны Ж.Сағындық.
Б.ЖАНӘЛІ