Қызылордада музыкалық колледждің құрылысы басталды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда музыкалық колледжінің жаңа ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға «Саутс Ойл» компаниясының вице-президенті Серік Мырзабеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов қатысты.
Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты жаңа нысан құрылысының басталуымен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын» – деп атап өтті. Балаларға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз ортақ. Ол – туған елін шексіз сүйетін, өз ісіне адал, ізгілікті ұрпақ тәрбиелеу.
Музыкалық колледждің қала орталығындағы қазіргі ғимаратының тозығы жеткен, заман талаптарына сай келмейді. Бұл проблеманы өнерпаздар да көптен бері көтеріп келеді. Ескірген ғимарат небәрі 350 орындық, ал онда оқитындар саны, жастардың музыкалық білім алуға сұранысы жыл сайын артуда. Осы жағдайды ескеріп, өткен жылдың соңында «Саутс Ойл» компаниясымен музыкалық колледжге арнап сол жағалаудан 650 орындық жаңа ғимарат салу туралы келісімге қол қойдық. Бірлескен игі іс жалғасын тауып, бүгін, міне, жаңа ғимараттың іргетасын қалаймыз. Жаңа нысан білім мен мәдениеттің ордасына айналып, шығармашыл жастардың өнерін шыңдауға жан-жақты мүмкіндік жасайтын болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада «Саутс Ойл» ЖШС вице-президенті Серік Мырзабеков пен музыкант, Мәдениет қайраткері Кеулімжай Ботабаев қызылордалықтарды құттықтап, ізгі лебіз білдірді.
Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған, құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, бас мердігер – «Интегрострой» ЖШС.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы және Үкіметтің Сыр өңіріне жан-жақты қолдауының нәтижесінде аймақта бүгінгі күні ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 300 орынға лайықталған 21 мектеп салынуда. Өткен жылы 10 мектептің құрылысы басталса, биыл тағы 11 мектептің іргетасы қалануда. Сол жағалаудағы «Білімді қолдау қорының» қаржысына бой көтерген, құны 7 млрд. 900 млн. теңгені құрайтын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат тамыз айында аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
«ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 млрд. 350 млн. теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайының құрылысы қарқынды жүруде. Бұл ғимарат та тамыз айында тапсырылады.
Мемлекет басшысының «Елімізде кем дегенде 3 жоғары оқу орны жасанды интеллект саласымен айналысуы керек» деген тапсырмасына сәйкес Қорқыт Ата университеті базасында Корея Республикасы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі құрылды. Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», екі ауданда Оқушылар үйі мен Өнер мектептерінің құрылысы салынады.
Биыл өңірімізде «Руханият жылы» жарияланды. Наурыз айында Қызылорда қаласынан сәні мен сәулеті келіскен 1000 орындық «Өнер орталығы» ашылды. Одан бөлек, ауылдар мен елді мекендерде бірнеше мәдениет үйлері мен спорт кешендерінің құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне табысталды.
Бұған дейін облыстық филармонияның құрамында ұлт аспаптар оркестрі, камералық оркестр болған. Көрерменнің жоғары талғамына сай концерттерді кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін симфония оркестрі құрылды. Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдап, өнерін насихаттауға арналған Инклюзивті театр үйірмесі, Жастар театры өз алдына кәсіби ұжым болып өнер көрсетуде. Жыраулар үйі ашылып, сөз бен жыр құдіретін сыйлайтын халықтың көз қуанышына айналды.
Қазіргі уақытта барлық ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйінің басын біріктіретін, құны 11 млрд. 500 млн. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі