Аудан әкімі халықаралық және республикалық білім бәсекелері жеңімпаздарын қабылдады
Бүгінгі ғылым саласы қызметкерлері күнінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев халықаралық және республикалық ғылыми жобалар мен білім бәсекелері байқауларының жеңімпаздарын жетекші ұстаздарымен бірге қабылдады. Қабылдауға ардагер ұстаздар, білім қызметкерлері және оқушылар қатысты.
Аудан басшысы елімізде ғылымды дамыту – басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.
– 12 сәуір – елімізде ғылым саласы қызметкерлері күні. Бұл саланың ауқымы кең. Осы арқылы егемен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін жасалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында «Біз өркениетті ел боламыз десек, ғылымды дамытуымыз қажет» деп, салаға жан-жақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Сондықтан қазіргі кезде елімізде ғылым саласын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Міне, осындай қолдаулардың нәтижесінде ғылым жолында жүрген білімді жастар ауданның атын республикаға және халықаралық дәрежеде танытып жүр. Білімге құштар оқушыларға және ата-аналары мен жетекшілеріне шынайы алғысымды білдіремін. Біз дарынды жастарға әркез қолдау көрсетеміз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Іс-шарада жетістікке жеткен оқушылар мен ғылымға бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшілеріне аудан әкімінің «Алғыс хаты» табыс етіліп, сый-құрмет көрсетілді.
Қабылдауда ардагер ұстаздар Ұлмекен Жанәлиева, Сұлупан Шамшадинова және Анар Ізбасарова жетістікке жеткен оқушыларға тілектестіктерін білдірді.
Айта кетейік, қабылдауда марапатталған Айдарлы ауылындағы №139 орта мектептің 11 сынып оқушысы Амантайқызы Гүлім Ө.Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар байқауында консентрацияға байланысты есептерді шешудің ең оңтайлы жолын қарастырып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ал Тереңөзек кентіндегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушылары Оразбай Ақнұр мен Қойшыбаева Үміт қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе – жастардың тез әзірленетін тағамдардың орнына жемістер мен көкеністерден денсаулыққа пайдалы әрі экологиялық таза кептірілген жеміс чипстері өнімдерін жасап шығарды. Оқушылар Алматы Менеджмент университетінің білім грантына ие болды.
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Бектасқызы Асылай болса, Қостанай қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық пәндік олимпиадада қазақ тілі мен әдебиетінен жеңімпаз атанып, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің грантын жеңіп алды.