"Абайлаңыз – балалар" профилактикалық іс-шарасы өтуде
Сырдария ауданында ағымдағы жылдың мамыр айының 15-31 күндері аралығында «Абайлаңыз - балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Бұл акцияның басты мақсаты – мектеп жасындағы жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алып, оқушыларға жол жүру ережелерін таныстырып қана қоймай, оларды жол жүру қауіпсіздігін сақтауға дағдыландыру, сондай-ақ балалардың жарақат алуы мәселелеріне жүргізушілердің, ата-аналар мен мұғалімдердің назарын аудару. Оқу жылы аяқталар тұста жол жүру қауіпсіздігі ережелерін балалардың есіне тағы бір салып, мектеп оқушыларының амандығын сақтауға полиция қызметкерлері жаппай жұмылдырылуда.
Отбасында ата-ана, мектепте ұстаздар, ал жол бойында полиция қызметкерлері балалардың санасына жол жүру ережелерін ұдайы сіңіріп, бағыт-бағдар беріп отырғаны абзал.Бұл ретте, көлік жүргізушілер де жолда қауіпсіздік ережелерін сақтап, балаларға абай болуы қажет.
Шара аясында аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен мектеп алдына және балалардың жүру жолдарына рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
"ТТ" ақпарат