Шетелдік автокөлігін тіркемеген жүргізушілерге қандай шара қолданылады - ІІМ жауап берді
Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік көліктерді тіркеу өткен жылдың қаңтар айында қолға алынған еді. Алайда шекті мерзімге дейін көліктерін тіркемеген азаматтарға қандай шара қолданылатынын Ішкі істер министрлігі түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.
Министрлік мәліметінше, елімізде 304 мың шетел автокөлігі тіркелген.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру өткен жылдың қаңтарында қолға алынды. Осы күнге дейін автокөлігін тіркемеген азаматтар, көлігі техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келген жағдайда арнайы төлемдерді жасауы тиіс», делінген ІІМ ақпаратында.
Құзырлы орган шетелдік көлігін тіркемеген жүргізушілер жауапкершілікке тартылатынын да жеткізді.
«Шетелдік автокөлік иелеріне белгіленген тәртіпте тіркелмеген автокөліктерді пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз», деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Фото: gov.kz