Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев сайлау жүйесінің дамуына айрықша үлес қосқан Балшекер Өтегенова мен Сәуле Ерімбетті қабылдады. Сондай-ақ өкілеттілік мерзімдерінің аяқталуына байланысты аудандық сайлау комиссиясының құрамында болған азаматтарға құрмет көрсетті.
Аудан басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында сайлау жүйесінің маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Ел Президентінің атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін арттыру тапсырмасы жүйелі жүзеге асып жатқанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің сайлау жүйесін жетілдіруді тапсырған болатын. Осы саяси реформа аясында 2021 жылы ауыл әкімдерін тікелей сайлау механизмі іске қосылды. Содан бері аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жүйелі өткізілуде. Бүгінге дейін ауданда 1 кент және 8 ауыл әкімі сайланып, халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдың 5 қарашасында елімізде алғаш рет 3 қала және 42 аудан әкімдерін пилоттық режимде сайлау өткізілді. Жалпы, 2022 жылы кезектес тыс Президент сайлауына сырдариялықтардың 95,4 пайызы, 2023 жылы Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауына тұрғындардың 86,1 пайызы, аудан әкімінің сайлауына халықтың 72,3 пайызы қатысып, ынтымақ, бірлігі жарасқан аудан жұртшылығы әдеттегідей үлгі-өнеге көрсете білді. Сондықтан аумақтық сайлау комиссиясы құрамына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы саяси науқандардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Балшекер Өтегенова мен Сәуле Ерімбетке «Құрмет» грамотасын және «Сырдария ауданының 95 жылдығы» мерекелік төсбелгісін табыстап, сый-құрмет көрсетті. Балшекер Сұлтанбекқызы 2019 жылдан бері аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы қызметінде болып, сайлау жүйесін жетілдіруге зор үлес қосса, ал Сәуле Сұлтанқызы ұзақ жылдар бойына аумақтық сайлау комиссиясы құрамында саяси науқандардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына еңбек сіңірді.
Қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов аумақтық сайлау комиссиясында қажырлы қызмет еткен әріптестеріне тілектестігін білдірді.
– Балшекер Сұлтанбекқызы батырлардың ауылы атанған Н.Ілиясов ауылында туып, мемлекеттік қызметтің де, қоғамдық-саяси жұмыстардың да нағыз батыры атанған майталман маман, білікті басшы болды. Аудан әкімінің орынбасары, кент әкімі, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ал Сәуле Сұлтанқызы ақын атын иеленген А.Тоқмағамбетов ауылында туып, ұзақ жыл қаламгерлік қызметте еңбек етті. Аудандық газетте он сегіз жыл бас редактор қызметін атқарды. Сондықтан екі тұлға да құрметке лайықты, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Өз кезегінде Б.Өтегенова құрмет көрсеткен аудан басшысына, әріптестеріне алғысын білдіріп, ауданның дамуына әркез тілекші екенін жеткізді.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ