Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл жаңалықтары

Ауыл жаңалықтары

Асқар Тоқмағамбетов
Байқау жеңімпазы атанды

А.Тоқмағамбетов ауылының өнерлі жасы Аяулым Бекболатова Қазақстанның халық әртісі Б.Римованың 100 жылдығына арналған облыстық байқаудың жеңімпазы атанды. Ол байқауда ана образын сомдап, жүлделі І орынға ие болды.




Сәкен Сейфуллин
Кәріз құдықтарын тексерді

С.Сейфуллин ауылында ауыл әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ өкілдері оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында су, кәріз құдықтары қақпағының жабық болуына қатысты мониторинг жүргізді. «Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табатын болады» дейді әкімдік қызметкерлері.

Қалжан ахун
Патриоттық іс-шара өткізілді

№126 орта мектепте мектеп оқушылары арасында «Тәуелсіз ел ұланы» тақырыбында әскери-патриоттық сайыс өтті. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні мұғалімі, «Жас сарбаз» үйірмесінің жетекшісі М.Бөдеевтің ұйымдастыруымен өткен сайыс барысында оқушылар АК-47 автоматын шашып-жинау, оқжатар жарақтау, нысанаға ату, гимнастикалық жаттығу жасау кезеңдері бойынша бақ сынады.

Ақжарма
Пікірсайыс ұйымдастырылды

Бүгінде балалар зорлық-зомбылығы мәселесі қоғам өмірінде қызу талқыға түсуде. Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепте ұстаздардың қатысуымен «Балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездік мәселелерін талқылау»  тақырыбында пікірсайыс өтті. Пікірсайысты «Алмас қылыш» клубы ұйымдастырды. Және білікті мұғалімдер арасында жеңімпаздар анықталды.

Іңкәрдария
Қауіптің алдын алды

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары Іңкәрдария ауылының тұрғындарына түсіндірме жұмысын жүргізді. Іс-шара барысында қысқа тұйықталу, газ және электр қондыр­ғысын ұқыпты пайдалану, қатты отынды жағу кезінде қауіпсіздікті ескеру бойынша тұр­ғындарға кеңінен ақпарат берілді.
 
 
Шаған
Диқандар төрге озған күн

«Шаған Жер» ЖШС-і жылды табысты қорытындылап, «Алтын дән – 2023» салтанатты жиы­нын өткізді. Серіктестік төрағасы Ж.Сыздықов еңбеккерлерді молшылық мерекесімен құт­тықтап, жыл қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен еңбек озаттарын марапаттады. Егіншілер тойына елімізге белгілі өнер майталмандары қатысып, ән мен жырдан шашу шашты.

Нағи Ілиясов
Спортшыларға құрмет көрсетті

Н.Ілиясов ауылының спортшылары Ресейдің Краснагорск қаласында өткізілген ересектер мен жасөспірімдер арасындағы грэпплингтен әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Ауыл әкімі С.Нұрмағанбетов №11 спорт мектебінің спортшылары Нұрислам Найманов, Ернат Әлайдаров және Айсұлтан Батырбекті қабылдап, құрмет көрсетті.

Шіркейлі
Тағылымды кеш

Шіркейлі ауылында Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстапаеваның еңбек жолын насихаттау мақсатында «Елдің бағын жандырған – Ер Балдырған» тақырыбында тағылымды кеш өткізілді. Іс-шараға қатысушылар Сыр маржанын егіп, әр гектарынан 70-100 центнер аралығында өнім жинаған ардақты ананың бойындағы табандылығы, іскерлігі жөнінде ауылдас­тары естелік-пікірлерімен бөлісті.
 
Қоғалыкөл
Спорт алаңы пайдалануға берілді

Қоғалыкөл ауылында жаңа спорттық ойын алаңы пайдалануға берілді. Жергілікті тұрғындар «Қызылорда құрылыс-көлік компаниясы» ЖШС-нің басшысы Еділ Саркөбеннің демеушілігімен салынған кіші футбол ойнауға лайықтандырылған алаңның игілігін көруде. Спорттық алаң маңына арнайы орындық пен әткеншек, велосипед орнатылған.

Бесарық
Жаңа кітап таныстырылды

Бесарық ауылындағы №147 орта мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақұлымен кездесу өтті. Кездесуде қаламгер мектеп оқушыларына «Бесарықтың берені» кітабының жазылу барысы мен кейіпкердің өмірі жөнінде жан-жақты мағлұмат берді. Сонымен қатар өлкетанушы өлке тарихын зерттеудегі кездестірген мазмұнды мәліметтерін тілге тиек етті.

Аманкелді
Жол белгілері жаңартылды

Аманкелді ауылында жол белгілері жаңартылды. Бұл бағытта аудан бойынша жаңартуға 3,3 млн теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, жол белгілері мен таңбалардың жаңартылуы көшедегі кептелісті және авариялық жағдайлардың туындау қаупін азайтады.

Жетікөл
Алаяқтықпен күрес – күн тәртібінде

Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тапсырмасына сәйкес, Жетікөл ауылдық әкімшілігінде қаржы пирамидасы мен қаржылық алаяқтықтан сақтану бойынша жергілікті халыққа түсіндірме жұмысы жүргізілді. Қазіргі уақытта алаяқтарға алдану фактілері жиі кездесуде. Сала мамандары алаяқтыққа баратын адамдардың іс-әрекетін егжей-тегжей талдап, сақтану амалдарына тоқталды. Басқосу соңында көпшілікке арнайы бейнекөрініс көрсетілді.


Айдарлы
Шығармашылық кеш

Құрылғанына 2 жыл толған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өнерпаздары «Өнер қарлығаштары» тақырыбында есеп беру шығармашылық кешін өткізді. Ауыл әкімі Н.Жұмабеков «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының ұжымының жұмысын жоғары бағалап, ұстаздар мен балаларға арнайы «Алғыс хат» табыстады. Өнер фестивалі барысында әрбір үйірменің мүшесі бойындағы талантымен көрерменді тәнті етті.

Дайындаған
Балтабай ОРДАБЕКОВ
16 желтоқсан 2023 ж. 196 0