Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Н.Ілиясов ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Н.Нәлібаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев, Мәжіліс депутаты М.Жайымбетов, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов және зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.  Аймақ басшысы ғимараттың ел игілігі үшін пайдалануға берілуімен жұртшылықты құттықтады.

Облыс әкімі аймақтың денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен салаға ба­ғытталған қолдаулар  туралы кеңінен айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ден­саулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп ке­леді. Соған сәйкес медициналық қызметтің қол­же­тімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфра­құрылымын одан әрі жаңғырту үшін облыста кешенді шаралар қабылдануда. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Ауылдағы денсау­лық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен аймақтың елді мекендерінде 27 нысан салынуда. Бүгінде 15 дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталып, ел игі­лігіне берілуде. Алдағы уақытта да денсаулық сақ­тау саласын дамыту, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, халық­қа сапалы ме­дициналық қызмет көрсету мен сала маман­да­ры­ның біліктілігін арттыруға ерекше басымдық берілетін болады. Биыл облыс бюджеті 57 пайызға өсіп, 609 млрд теңгеге жетті. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде медицина саласына 138 млрд 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы бас­талды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын Қан орталығы жақын күндері пайдалануға беріледі, – деген облыс әкімі  дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізген мердігер мекеме өкілдерін және ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.

Мұнан соң ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының же­тек­­шісі Е.Бейсенбаев сөз сөйлеп, денсаулық саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін айтты.

– Партиямыз Мемлекет басшысының саяси сенімді тірегі әрі халық сенім артатын үлкен құрылым ретінде елге қызмет етіп келеді. Денсаулық сақтау саласын дамыту біздің сайлауалды бағдарламамызда бар. Осы бағытта Мәжілістегі, жергілікті мәслихаттардағы депутаттар тиісті жұмыстарды үйлестіріп, бюджеттен салаға қаржы бөлу ісіне белсене атсалысуда. Бүгін пайдалануға беріліп жатқан ғимарат елге сапалы қызмет етеді деп сенеміз, – деді Елнұр Сабыржанұлы.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған іс-ша­рада ден­саулық сақтау саласының ардагері, Қызыл­орда облысының Құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов жиналғандарға ақ батасын беріп, жаңа нысанның ел игілігі жолында пайдаланылуына тілектестігін біл­дірді.

Айта кету керек, облыс бойынша қазір 9 меди­циналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 ны­санның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухана жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, қалаға қа­расты Досан елді мекенінде медициналық бекет, Жаңақорғандағы көпбейінді аудандық аурухана базасында балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
16 желтоқсан 2023 ж. 235 0