Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерту. Сөгіс.Қатаң сөгіс

Ескерту. Сөгіс.Қатаң сөгіс

«Тапсырма талқы­лан­бай­ды, орындалады. Ол талқы­ла­натындай ұсы­ныс емес». Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиналыста осылай айтылды. Ал тапсырмаға жүрдім-бардым қарап, уақытылы әрі сапалы орындамай жүрген атқамінерлерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, тіпті қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік шаралар көрілді.

Облыс әкімі әрбір тапсырманың орында­луын бақылауға алып, мониторинг жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. «Бұл ең алдымен нақты нәтижеге жету үшін қажет» деген еді аймақ басшысы. Сол мониторингтің қорытындысы шығып, қала және аудан әкімдерінің, басқарма бас­шыларының жұмысы сараланды. Облыс әкімі аппаратының басшысы Ш.Байманов тапсырмалардың 784-і, яғни 54,2%-ы орын­далғанын жария етті. Сондай-ақ 230 тапсыр­маның орындалу мерзімі бар болса, 131-і уақытынан кеш, 131-і тек ішінара орындалған. Ең маңыздысы 170 тапсырма мерзімінде орындалмаған.

Аймақ басшысы жүктелген міндеттерге салғырттық танытқан лауазымды тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолдануды талап етті. Атап айтқанда, орындалмаған тапсырмаларының саны басым Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданы әкімдеріне «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылды.

«Қызылорда-Жезқазған» автожолы­ның «Құмкөл» кен орнынан Қызылорда қаласына дейінгі кіреберіс бөлігін салу жөнінде «ҚазАвтоЖол» филиалының басшысы Ерұлан Жүнісов 3 ай бұрын айтты. Жұмысты реттемегені, тапсырманы орындамағаны,тиісті жоба­ны әзірлемегені үшін қала әкіміне тәртіптік жаза қол­данылсын. Он күнде дайын болатын жобаныүш ай бойы созбалаңға салуды қалай тү­сінуге болады? Бұдан бұрын тапсырмаларды мер­зімінде орындамағаныңыз үшін «қатаң сөгіс» алдыңыз, әрі қарай  «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» тәртіптік жазасы қолданылады.

Кешегі «Үлгілі елді мекен» конкурсына қала әкімдігі бір де бір жоба ұсынбадыңыздар. Конкурсқа қатысқан жоқсыздар. Қызылорданы тазалық пен көгалдандыру, абаттандыру шараларынан сырт қалдырып, сквер, бала­лар және спорт ойын алаңдарын салу, көше, аулаларды жарықтандыру сынды жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін тиімді пайдаланбадыңыз. Әйтпесе Қызылордада абаттандыруды қажет ететін аулалар, ша­ғын аудандар жеткілікті емес пе? Мұндай жағдайда немқұрайлылық танытып, әре­кетсіз қалуыңызды түсіну қиын» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында әкімдер мен басқарма басшыла­рының жұмысына да талдау жасалды. Әсіресе, «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламаларды жүзеге асыру қарқынын төмендеткен, кемшіліктердің алдын алмаған басшыларға тәртіптік шара көріледі. 

Жиналысқа күн тәртібіне сәйкес қажетті мекеме басшыларын қатыстырмағаны үшін Арал, Қармақшы, Жалағаш, Жаңа­қорған аудандарының әкімдеріне «сөгіс», тапсырмаларды мерзімінде орындамағаны үшін облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысына «сөгіс», құрылыс, сәулет және қала құрылысы, ауылшаруашылығы басқарма басшыларына «қатаң сөгіс» тәртіптік жазасы қолданылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов пен облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетке жетекшілік ететін салаларында көптеген кемшілік анықталғаны ескертіліп, бақылауды күшейту міндеттелді.

«Тт» ақпарат
25 қараша 2023 ж. 387 0