Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің сайлауы қалай өтеді?

Аудан әкімінің сайлауы қалай өтеді?

2023 жылдың 5 қарашасында еліміздің 17 облысында 45 пилоттық аудандар мен қалалардың әкімдерін сайлау өтеді. Бұған дейін хабар­лағанымыздай саяси маңызды науқан Сырдария ауданында да ұйымдастырылып, аудан халқы заңдылыққа сәйкес таңдау жасап, дауыс береді.

Қызылорда облыстық сайлау ком­ис­сиясының хабарлау­ынша, сайлау өткізудің күн­тізбелік жос­­парына сәйкес 16 қыр­күйектен бастап кандидат­тардан құжат қабылдау про­цесі жүргізіліп, ұсыным 5 қа­зан күні жергілікті уақытпен 18.00-де аяқталды. Аудан әкі­міне кандидаттар сайлау про­цесінің өтуіне және ұсыным құ­жаттарын өткізуге қатысты сауал­дарын аудандық сайлау комиссиясына тікелей жолдай алады. Кандидатқа қойылатын та­лап­тарға келер болсақ, кандидат міндетті түрде ҚР азаматы болуы керек. Сондай-ақ жас цензі, мемлекеттік сая­си қызметшілерге белгіленген талаптарға сәй­кестігі, мемлекеттік қызметшілер үшін жалпы шектеулер, арнайы тексерудің оң нәтижесі ескеріледі. Айта кетейік, сайланатын әкімдердің өкілеттілік мерзімі – 4 жыл.

Сайлаудың заң талаптарына сай ашық өткізілуін аккредиттелген байқау­шылар бақылай алады. Ол үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық ұйымдар алдын ала аккредиттеуден өтуі тиіс. Аккредиттеу үшін белгіленген нысан бойынша өтініш пен сайлауды байқау құқығын растайтын жарғыдан үзінді ұсынылады. Бұл ретте республикалық ҚБ мен ҮЕҰ құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына ұсынса, өңірлік және жергілікті ҚБ мен ҮЕҰ облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комис­­­сияларына ұсынады.

Сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша тіркелген ҚР азаматтары енгізіледі. Сайлаушы өзінің болатын жері бойынша учаске тізіміне енгізу жөнінде әкімдікке өтініш беруге құқылы. Азамат сайлаушылардың бір ғана тізіміне ене алады. Сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексеріп немесе тізімге енгізу үшін қайда жүгіну қажет екенін әкімдіктің сайтында немесе жергілікті атқарушы органның Call-орталығына қоңырау шалу арқылы тексеруге болады. 2023 жылғы 20 қазанынан бас­тап азаматтарды дауыс беру орны туралы хабардар ету ұйымдастырылады.

Бүгінде Сырдария ауданы бойынша 18 учаскелік комиссия жұ­мыс істейді. Биылғы жылдың 1 шіл­десіндегі жағдай бойынша ауданда 22644 сайлаушы тіркелген. Сайлауды тағайындау және округ құру туралы қаулы шығып, күнтізбелік жос­пар белгіленген. Пилоттық сайлауда тек сол аумақтың тұрғындары кандидаттарға дауыс бере алады.

Жалпы аумақтық сайлау комиссиялары 16 қыркүйектен бастап кандидаттардан құжат қабылдау жұмыстарын жүргізуде. 5 қазан сағат 18.00-ден кейін кандидаттардан ұсыным қабылдау аяқ­талып, енді тіркеу жұмыстары жүргізіледі.

Аудан әкіміне кандидаттардың партия атынан және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар. Дегенмен үміткерлердің өз сайлау қорлары болмайды. Сайлаушылармен үгіт кезеңінде әрбір кандидатқа 420 мың теңге белгіленді. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға, үгіт материалдарын шығаруға және көліктік шығыстарды пайдалануға бағытталған.

Саяси науқанда 109 бірыңғай байланыс орталығы сайлаушыларға қызмет көрсетеді. Яғни диспетчерлер  аудан әкімдерінің сайлауына қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап береді. Бүгінде сайлау өтетін аудандарда арнайы оқыту жұмыстары да ұйымдастырылуда. Онда арнайы спикерлер сайлау заңнамасын сақтау, құжаттамаларды толтыру, үгіт кезеңінде заң бұзушылықтарды болдырмау, байқаушылар және сенім білдірген азаматтармен жұмыс жүр­гізу, мүгедектігі бар азаматтарға қо­лайлы жағдай жасау тақырыптары ая­сында дәріс оқыды. Семинар аясында төрағалар, орынбасарлар және комиссия хатшылары арнайы топтарға бөлініп оқытылып, өзекті сұрақтар аясында тәжірибе алмасты. Сайлау процесінің негізгі заңнама шеңберінде өтуіне қатысты аудандық прокуратура және полиция бөлімінің басшылары түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


«Тт» ақпарат
07 қазан 2023 ж. 237 0