Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені
Уақытқа қатысты мынадай даналық сөз бар. «Уақыт – алтыннан да қымбат» немесе «Батар күннің атар таңы бар», «Жан жарасына уақыт емші» т.б. Бұл нақыл сөздер адамзаттың үнемі уақытпен, оның ағымымен және өлшемімен өмір сүретінін айғақтайды.
Негізінен жай қарапайым адам үшін уақыттың әлеуметтік маңызға ие болғаны соншалық пендешілікпен, қиындықтарды артқа қалдыру мақсатымен уақыттың жылдам өтіп кеткенін қалайды. Дегенмен әр нәрсенің өз уақыты бар. Қанша жерден асықсаңыз да баға жетпес қазынаның қадірін біліп, берілген уақытты ұтымды пайдалану адамзатқа берген ұлы мүмкіндік екенін аңғару қиын емес. Себебі уақыт Алланың берген ұлы сыйы, оны бос өткізуден аулақ болып, екі дүниеде де пайдалы болатындай етіп өткізген абзал.
Үлкен кісілер үнемі уақытты үнемдей білу керек деп айтады. Өйткені босқа өткен уақыт құр шығын. Сондықтан өзіңе, айналаңдағыларға пайда келетін іспен айналысқан дұрыс дейді. Былайынша пайдалы іспен шұғылдану қиын емес тәрізді. Негізінен ол да оңай емес. Себебі белгілі мақсатқа жоспар құрмасаңыз, өтіп бара жатқан минуттар мен сағаттар босқа кетеді. Әрбір өтетін уақытты үнемдеп, пайдалы жаққа жұмсауға үйренсеңіз табысқа жетіп, қабілетіңізді аша түсесіз.
Уақытты қадағаламайтын адам еріншектік деген жаман дертке шалдығады. Ал оны жеңуге тағы да көп уақыт жұмсалады. Ұлы уақытты қадірлейтін адам нағыз іскер адам.
– Адамның әрбір уақыты, яғни күні, сағаты мақсатсыз өтпеуі керек. Алланың берген сыйы уақытты өзі өмір сүріп отырған қоғамға жұмсап, еңбек етіп, өзі үшін де, өзгелер үшін де ізгі амалдар жасауға жұмсауы керек. Уақыт бізбен санаспайтынын біліңіз. Бір күндік қызық – босқа өткен уақыт. Жастық жігеріңізді, бойыңыздағы қайратыңызды жақсы іске бағыттаңыз. Бұрынғының адамдары неліктен бүгінгі ісіңді ертеңге қалдырма дейді. Себебі уақыт зымырып бара жатыр.
Бір данышпанның мынандай бір қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл». Расында да, біз өтіп жатқан уақыттың құнын біле бермейміз. Уақыт – адам баласына берілген өткінші бағалы зат. Уақыт қайта айналып келмейді, – дейді ардагер-ұстаз Анар Ізбасарова.
Қай халықта болсын уақытты дүниедегі ең қымбат нәрсеге – алтынға теңейді. Сондықтан сол байлығың, алтының әзірге өзіңде болғандықтан оны дұрыстап сақтау да өз қолыңда. Сөз жоқ, уақытты көбінесе жаман әдеттер мен қылықтар құрдымға кетіреді. Десек те барлық нәрсе өзіңе байланысты екенін ұмытпау керек. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақытты дұрыс басқара алмаған адам жетістікке жетпейді. Уақыттың қадірін білу керек. Әрбір жылдың, айдың, аптаның, күннің, сағаттың, минуттың, секундтың бағасы бар. Осыны түсіне білуіміз керек делінген ұлы дінімізде.
Уақыт – әр адамның нақтылы өмірлік байлығы. Адамның құр босқа кеткен уақытын кері қайтару мүмкін емес. Кісінің іскерлігі уақытты босқа жібермеуден басталады. Кім уақытының қадірін білсе, сол ғана жетістіктерге жетеді. Адам уақытты сезінбейінше ешқандай мақсатқа жетпейді. Өз-өзіне бағыт белгілеу арқылы ісі өрге басады. Өз уақытын пайдалана білген адам нақты жоспар құруды үйренеді. Мәселен, үнемі кешігіп жүретіндер болады. Ондай адам жалқау және өмірде уақытын ысырап ететіндер. Ондай адамға іскерлік әлемінде орын жоқ.
–Кейде адамдар пендешілікпен уақыттың өтпей қойғанын айтып жатады. Негізінен уақыттың қадірін білетін адамдар ең алдымен уақытын жүйелеп, нақты жоспар құрып, белгілі мақсатқа жетуге күш салады. Ал егер уақытты ысырап етсек, оның бекерге кетіп қалғанына кейін міндетті түрде өкінетін боласың. Уақытты ешкім ешқашан қайтарып бермейді. Сондықтан өтіп жатқан әрбір минутыңызды жақсылық жасауға жұмсаңыз. Қас қағым сәтте өтіп кететін уақытта туыстарыңыздың, достарыңыздың қадірін біліңіз. Қазір өміріміздің көбі кетті. Дегенмен оның дұрыс өткеніне қуанамын. Әрине өкініштер болды. Ал енді оны қайта түзеуге уақыт кері қайтпайды. Еткен еңбегіміз бен өмір сүрген кезеңдеріміз өзіндік қызығымен, жетістігімен келді, ендігі жерде тек қана ұрпағымыздың жамандығын көрсетпесін деген тілек, – дейді ақ жаулықты ана Сәрсенкүл Тәженова.
Ал енді ағалық жасқа келіп, елуді алқымдаған азаматтың пікірі де ой саларлық.
–Жас кезімізде оқыдық, талай қиындықты көрдік, қуаныш та болды. Қазір ағалық жасқа келгенде елімізге жасайтын қызметіміз әлі көп екенін аңғардық. Халықтың, қала берді өз отбасыңның жақсы өмір сүруі сенің қолыңда екенін түсініп, оларға жайлы жағдай жасауға барымызды салып жатқан жайымыз бар. Қолымыздан келгенше қамқорлық танытып, қайырымдылық іс-шараларына қатысып, ендігі өмірімізді, уақытымызды қоғам үшін пайдалы етіп өткізсек, – дейді есімін айтпауды сұраған кент тұрғыны.
А.Құнанбайұлы өзінің қара сөзінде: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен есеп ал» деген. Сондықтан даналықтан аттамай, есті сөзге мән беріп, уақыттың қадірін білейік.
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: ашық дереккөзден