Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аптап ыстықтан абай бол!

Аптап ыстықтан абай бол!

Жаз мезгілінің екінші айы аяқталуға таяғанымен, аптап ыстықтың беті қайтар емес. «Қырық күн шілде» деп бекер айтылмаса керек. Шілденің шіліңгір ыстығы ерекше сезілетін біздің жақтың тұрғындары мұндай ауа райына үйренген дегенмен де, бірі көлеңкені паналап, бірі салқындатқыштың көмегіне жүгініп, жаздың екі айын артқа тастаған жайы бар.

Биылғы ыстық тек оңтүстік өңірлерде емес, өзге аймақтарда да айқын байқалуда. Әлеуметтік желіде жарияланған деректер мен фото ақпараттар сөзімізді дәлелдей түседі. Ауа қысымының тым жоғары болуы денсаулығында кінәраты бар адамдар үшін тіпті қиын. Одан бұрын дені сау адам ағзасының өзі тым жоғары ауа температурасында сыр беруі ықтимал. Себебі, күннің ыстығы ағзаны шектен тыс құрғатып, жүректің қысылуы мен қан қысымының жоғары немесе төмендеуіне ықпал етеді.

Күнделікті «112» бірегей нөмірі де халықты сақтандыру мақ­сатында хабарлама таратуда. «Қазгидрометтің» мәлімдеуінше, ап­тап ыстық әзірге сақталмақ. Шіл­де айының соңғы күндері 40 градустан жоғары ыстық болады. Тамыз айының алғашқы онкүндігі де жоғары ауа райымен тұспа тұс келмек. Десек те, сала мамандары ол кезде ауа температурасы біршама төмендеп, 38-39 градусқа төмендейді деп болжануда.

Расында да, жаздың күні күн шуағынан нәр алудың да өзіндік орны бар. Десек те, ауа райының қатты ыстық болуы әсерінен көп­шілік тұрғындар зардап шегуде. Әсіресе, созылмалы ауруы бар науқастарға үй жағдайында күтіну ұсынылады. Ал, көшеге шығу қажеттілігі туындаса, жеңіл киініп, күннен қорғағыш құралдарды пай­даланған абзал. Міндетті түрде тиісті мөлшерде су алып жүру ләзім. Жалпы, осындай ауа райында кез келген адам суды көбірек тұтынуы керек екен. Себебі, адам бойындағы ылғал тер арқылы сыртқа шықса, оның орнын уақытылы толықтырып отыру қажет. Әйтпесе ағзаның құрғауы денсаулыққа зиян.

Сонымен қоса аптап ыстықта өрт оқиғалары жиі тіркелетінін де ескерте кеткіміз келеді. Күн сәулесінің түрлі заттармен шағы­лысуы арқылы немесе жел бағы­тымен оттың өздігінен тұтануы мүмкін екенін еске саламыз. Отпен қоса су да тілсіз жау екенін ұмыт­паған абзал. Күннің ыстығын себеп етіп, салқындап алмақ мақсатта кез келген жерге суға түсуге қатаң тыйым салынады. Арнайы мамандар, әсіресе, кішкентай балаларды үлкендердің қарауынсыз су айдын­­­дарына жіберуге болмайтынын ескертеді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, аптап ыстық оңтүстік өңірлерде ғана емес, өзге аймақтарда да орын алуда. Одан бөлек әлемнің бірқатар елі ыстық ауа райының зардабын тартуда. Мысалы, Қытай мен АҚШ-та ауа температурасы 50 градустан асқан. Соның салдарынан орман өрті жағдайы орын алып жатқаны және бар. Қатты ыстық салдарынан Қытай халқы үйден шықпай, қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан. Шіліңгір ыстық еуропалықтарды да әбігерге салып жатқан көрінеді. Ғалымдар күннің осыншама қатты ысуын ғаламдық климаттың өзгеруімен байланыстырып отыр.

Ыстық ауа райынан сақтану әркез маңызды. Десек те, қауіп­сіз­дік шараларын басты назарға алуды ұмытпаған жөн. Мысалы ауа салқындатқыштың әсерінен тұр­ғындар тамақ ауруы, дене қызуы мен тұмауға шалдығуда. Әдетте ауа сал­­қын­датқыштың астында жақын отыруға болмайтынын ескертеміз. Ал өте суық су тамақтан бұрын, адамның ішкі ағзаларына тіпті зиян. Салқындап алу үшін суға түскенде де абай болған абзал.

Мамандар күннен қорғану үшін арнайы бас киім, қолшатыр пайдалануды ұсынады. Сондай-ақ жеңіл, ашық түсті киім кию де маңыз­ды. Себебі, қа­ра түсті әрі синтетикалық киімдер ыс­тық тартады. Және суды көбірек тұ­тыну мен жеңіл, дәруменге бай тағам­дарды күнделікті ас мәзіріне қосқан жөн. Ең маңыздысы, уақытты денсаулыққа кері әсер етпейтіндей дұрыс жос­парлау қажет.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
29 шілде 2023 ж. 232 0