Еліміздегі колледждерде диплом QR-код арқылы беріле бастады
Биыл 140 мыңнан астам колледж түлегі QR-коды бар диплом алады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім туралы дипломдар бланкіде QR-кодпен беріле бастады.
«QR-код дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол құжаттың иесі жайлы деректер, оқу орны туралы ақпарат пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. QR-кодта түлекті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін мәліметтер: түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, түскен/бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі беріледі», деді Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
6 шілдеден бастап осы жылы беріле бастаған ТжКБ дипломдарын электронды үкімет порталындағы жеке кабинет немесе eGov электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшалары арқылы алуға болады.
Айта кетейік, биыл 140 мыңнан астам колледж түлегі QR-коды бар диплом алады.
Фото: ашық дереккөзден