Қазақстанда бір айлық іс-шара кезінде киік саны нақтыланады
Қазақстанда 15 сәуір – 15 мамыр аралығында «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау іс-шарасы өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжановтың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, осы мақсатта «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, табиғат қорғау полициясы және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаменті шекаралық бақылау басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шараларды өткізу үшін мобильді топтар құрады.
Оның сөзіне қарағанда, бұған 11 автокөлік, киік санағын жүргізу үшін 1 тікұшақ және жеке құрамнан 50 адам жұмылдырылады. Сонымен қатар киік мекен ететін аумақтарда күзет бекеттері қойылады.
Инспекция басшысының айтуынша, киіктерді заңсыз аулау, дериваттарын заңсыз тасымалдау, сақтау және өткізуге байланысты биыл 14 қылмыстық іс тіркеліп, құқық бұзушылардан 3539 киік мүйізі алынды. Қазіргі кезде осы істер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 2022 жылы 27 қылмыстық іс қозғалып, 548 киік мүйізі тәркіленді. Соттармен барлығы 285 млн теңге өндірілді. Салыстыра қарағанда, биыл тәркіленген киік мүйізінің саны әлдеқайда көбейіп отыр.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұйрығына сәйкес, ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2024 жылға дейін тыйым салынған.
«Мамыр айында облысқа шет елдерден мамандар және еліміздің белгілі ғалымдары келіп, зерттеулер жүргізеді. Соның қорытындысына сәйкес киік санын реттеу бойынша шешім қабылданады», - деді Н.Рахымжанов.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директоры Мәрлен Айнабеков келтірген мәліметке қарағанда, қазіргі таңда республика көлемінде 1 млн 318 мың киік болса, соның 801 мыңы Орал, 28 мыңы Үстірт, 489 мыңы Бетпақдала популяциясына жатады.
«Әлемдегі киіктің 97 пайызы Қазақстанды мекендейді. Биылғы киік санағына екі тікұшақ, басқа да техникалар қатыстырылады. Сондықтан киік саны жазға қарай нақтыланады»,- деді М.Айнабеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да киік санының артуына байланысты шаруалардан шағым көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.