Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан ашылған тігін цехы

Ауылдан ашылған тігін цехы

Биылғы жылдың наурыз айының алғашқы күні шіркейлілік жас кәсіпкер Ақжарқын Шахманова үшін есте қаларлықтай күн болды. Осы күні ол ауыл әкімінің қолдауымен ауыл әкімшілігінің ғимаратынан көптен бері армандаған шағын тігін цехын ашуға мүмкіндік алды.


Көктемнің алғашқы күнінде өткен сал­танатты іс-шараға ауылдың үлкені мен кішісі көптеп жиналды. Ауыл әкімі бас­таған топ жас кәсіпкердің бастамасына ортақтасып, құтты болсын айтты. Ауылдың бірнеше шеберіне сүйікті кәсібімен айналысуына мүмкіндік берілген цехтың иесі Ақжарқын өзінен бөлек үш келіншекті жұмыспен қамтып отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауданға есімі белгілі шебер тігінші Нұрсұлу Ажаро­ваның курсынан тегін білім алып, шеберлік сағатынан өткен Ақжарқын екі қолға бір жұмыс тауып, қазір кәнігі шебер әрі кәсіпкер атанды. Бұл ең алдымен мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге өз ісін бастауға берілген мүмкіндіктің арқасы.


Қолында табақтай дипломы болғаны­мен өз мамандығы бойынша ауылдан жұмыс көзі табылмағандықтан, отбасын­дағы үлкен кісілердің батасымен үйден тігін тігіп, шама шарқынша кәсіппен айналысты. Табыс табуға болатынына көзі жеткен Ақжарқын арнайы курстан өтіп сертификат алды. Нәтижесінде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, ең қажетті деген тігін машиналарын алды. Қолынан іс келетін, үйренемін дегендерге кәсіппен айналысуға мүмкіндікті пайдаланып, өзін де өзгені де жұмыспен қамтып отырған шебердің бастамасымен ашылған тігін цехының қызметін пайдаланушылардың да қатары қалың.

– Осыдан 3 жыл бұрын кәсіпкерлікке негізделген жоба арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізгендердің қатарында болдым. 2020 жылы 555 мың 600 теңге қаржы ұтып, оған тігіншіге қажетті құрал-жаб­дықтарды сатып алдым. Алдымен үйімнің бір бөлмесінде тапсырыс­тар қабылдап, тігін тіктім. Көбіне құрақ көрпешелер мен қыз жасауы, бесік жасауын тіктім. Қазір де осы кәсібімді кеңейтіп, ауыл әкімшілігінің ғимаратынан арнайы бөлме алып, осында күні бойы жұмыс істеуге мүмкіндік алдық, – дейді тігінші Ақжарқын.

Шебер ауылдағы қолынан іс келетін жұмыссыз келіншектермен бірге ауыл тұрғындарының сұранысына сай ісмерлік­пен айналысады. Ұлттық нақыштағы шы­мылдырық, қоржын, тұсау кесу, қырқынан шығару секілді ұлттық нақышта тігілетін жабдықтарды шебер тігеді. Көз жауын алатын әрбір бұйымға түрлі ою-өрнек салып, әрбір тапсырыс берушінің көңілінен шығып, сапалы етіп тігеді. Сонымен қатар ізденіс пен еңбексүйгіштік қасиетінің ар­қасында той-томалаққа, мерейтойларға арнап түрлі безендіру қызметін де ұсынып, қажетті заттарды жалға берумен де айналысатынын да айту керек. 

Шіркейлілік азамат Олжаспен отау құ­рып, 2014 келін болып түскен үлкен әулеттің кенже келіні Ақжарқын бүгінде екі баланың анасы. Ата мен ененің жағдайын да жасап, сүйікті ісімен де айналысып жүрген бесаспап Ақжарқын тігін цехын ашуға қолдау білдірген ауыл әкімі Талғат Ізтайұлына айтар алғысы мол.

– Көктемнің алғашқы күнінде тігін ше­бер­­ханамыздың ашылуына қолдау біл­дірген ауыл әкіміне көп рақмет. Тұрғын­дардың ұсыныс-тілегін қабылдап, біз секілді үйінен тігін тігіп отырған келіншек­тердің бір жерден кәсіппен айналысуына мүмкіндік берілді. Қазір тапсырыс аясы кеңейді. Ауданнан, көрші ауылдардан, қа­­ла­дан тапсырыс қабылдаймыз. Кәсібі­міздің берекелі болуына үлкендер батасын берді.  Шеберханадағы төрт келіншек те бір көшенің тұрғындарымыз. Бұрынғыдай үйден тікпейміз. Жұмыс орнымыз бар. Бас­тысы тапсырыс берушілер дән риза. Алғашқы ұстазым, осы кәсіпті меңгеруді үйреткен шебер Нұрсұлу Ажароваға рақмет айтқым келеді. Сонымен қатар кәсібімізді одан әрі кеңейтуге тағы да мемлекет тарапынан қолдау болып жатса қуанамыз, – дейді цех иесі Ақжарқын.

33 жастағы шебер қазақтың қолөнері мен ұлттық өнерін одан әрі дамытып, әріптестеріне білгенін үйретеді. Жас шебер есімі республикаға танымал мықты ше­берлердің сабағына қатысып, небір керемет дүниелерді тігуді үйренуден жалықпайды.

«Тігіншіні инесі асырайды» демекші, ине мен жіпті келістіріп, ою-өрнекпен сәндеп, ұлттық бұйымдар тігу қазақтың қызына жарасымды өнер. Ақжарқын ең алғаш рет қолына әдемі мата алып, оны жеті рет өлшеп, пішіп, қиып, өз ойынан да әдемі етіп көрпеше тіккен кезі есінен кетпейтінін айтады. Ерекше әсемдікпен, талғаммен шығарған қолөнері көпшіліктің көңілінен шығып, алдына үлкен мақсат қойып, оған жетудің жолында талмай ізденіп, оқып, үйренгені күні кешегідей есінде. Міне, аз уақыттың ішінде ауылға танымал шебер атанды. Үлкен әжелердің, қолөнер шеберлерінің ізін жалғастырып, бүгінде кәсібін үйіріп әкеткендердің қатарында.Жанындағы сенімді серіктері әрі әріп­тестері Гүлшат, Айман, Айзатпен бірігіп, еңбектің көрігін қыздыруда.

«Айнара» тігін шеберханасының ашыл­ға­нына үш жылдай уақыт болғанымен, арна­йы ғимаратқа көшіп, цех ашуы талай жұ­мыссыз қыз-келіншекке үлгі болар­лықтай іс.


Ауыл шебері Ақжарқынның қолынан шық­­қан керемет дүниелер бірнеше мәрте об­лыс орталығында өткен көрмеден орын алғанын да айту керек. Облыс әкімі арнайы келіп қатысқан көрмеде шеберге Алғыс хат пен сыйақы табысталып, мемлекет тарапынан қолдауды сезініп, алдағы жоспарын іске асыруға керемет мүмкіндік алды.

Бибісара ЖАНӘЛІ
18 наурыз 2023 ж. 288 0