Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесіп, «Алтын алқа» иегері атанған аналарды марапаттады
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесіп, еркін форматта пікірлесті және жаңадан «Алтын алқа» иегері атанған аналарды марапаттады.
Құттықтау сөзінде аймақ басшысы қоғамдағы әйел адамның жоғары рөл атқаратынын атап өтті.
«Барша қазақтың ортақ мақтанышы, сұлулық пен ерліктің символына айналған Тұмар ханым, Ақжүніс, Қыз Жібектің, ел басына іс түскен қиын кезеңдерде басын оққа байлаған Әлия, Мәншүк, Хиуаз ұлт батырларының есімдері тарих төрінде алтын әріптермен жазылып қалды. Несібесін жерден көріп, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен жерлестеріміз Сәлима Жұмабекова, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова секілді апаларымыз бен ұлт руханиятын, мәдениетін, өнерін асқақтатқан Роза Бағланова, Сәбира Майқанова, Мәдина Ералиева сынды майталман тұлғаларымыздың Сырдың шежірелі тарихындағы орны ерекше. Аймақтың дамуына ерекше атсалысқан жандардың, оның ішінде әйел-аналарымыздың қалай құрметтесек те жарасады», - деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, күні кеше облыс әкімі мереке қарсаңында ұлағатты ұстаз, Қызылорда облысының құрметті азаматы Алма Ақдәулетованы халықаралық әйелдер күнімен және мерейлі 90 жас мерейтойымен құттықтады және «Ана мен бала» орталығындағы жаңа босанған аналарды, ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.
Жиында «Алтын алқа» орденінің иегері, тыл ардагері, 10 бала тәрбиелеп, 28 немере, 26 шөберенің қызығын көріп отырған ана Раш Искакова жерлестерін құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Қызылорда облысының құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» орденінің иегері Алмагүл Божанова өз пікірімен бөліссе, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Айтжанова Қарлығаш Ана туралы монолог оқыды.
Кездесу соңында Нұрлыбек Машбекұлы 7 баланы өмірге әкеліп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен «Алтын алқа» иегерлеріне марапаттарын табыстады.