Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу қойылады

Республикалық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктерінің жүруіне уақытша шектеу қойылады

Облыста 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына жүктемесі 8 тоннадан артық ауыр жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекция басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Пірназарова хабарлады.

-Біздің өңір 5 жол-климаттық аймаққа жататындықтан бұл шектеу жыл сайын 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында жүргізіліп келеді. Қаулы «ҚР автомобиль жолдарымен жүруге арналған автокөлік құралдарының жол берілетін параметрлерін бекіту туралы» бұйрығы арқылы бекітілген. Алайда жолаушылардың халықаралық тасымалдары, төтенше жағдайлар департаментінің көліктік техникалары, азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктер, дәрі-дәрмек тасымалы, ҚР Қарулы күштері және әскери қызметтің көліктеріне аталған шектеу қойылмайды. Дегенмен ерекше ескеретін жайт, республикалық маңыздағы жолдарда өтетін ауыр жүк көліктері белгіленген салмақтық параметрінен асқан жағдайда № 162 бұйрықта көрсетілген ережеге сәйкес айыппұл салынатын болады. Сонымен қатар алым соммасы салмақтық көрсеткіштер негізінде алынып есептеледі, - деді Гүлмира Жұмағалиқызы.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
03 наурыз 2023 ж. 384 0