Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Президент Үкімет пен әкімдіктерге қалалар инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды

Президент Үкімет пен әкімдіктерге қалалар инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды

Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.


«Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.
Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс екенін айтты.


«Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.
Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сурет: Ақорда

28 қазан 2026 ж. 111 0