Варшавада Қазақстан және Польша ректорларының форумы өтіп жатыр
20-ға жуық жоғары оқу орындарының басшыларынан тұратын біздің делегацияны ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсариев бастап барды.
Форумға барлығы 200-ге жуық делегаттар жиналды. Олардың қатарында ректорлардан бөлек, декан, профессорлар және сарапшылар бар. Берері мол басқосудың басты мақсаты - білім және ғылым саласында Польша-Қазақстан серіктестігін нығайту. Атап айтқанда инженерлік кадрларды дайындауға аса мән берілмек. Төртінші индустриалды революция дәуірінде робототехника, нано- және ақпараттық технологиялар саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлау өте маңызды. Сондықтан ғылыми зерттеулер жүргізуге, білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу ұсыныстары айтылды. Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы студенттер мен оқытушылардың тәжірибе алмасуын арттыру көзделіп отыр.
Ерлан Сыдықов, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:
- Форумның басты мақсаты - инженерлік білім берудің жаңа белеске көтеру, ол ғылымды терең меңгеру. Өйткені 4.0 бар, содан кейін индустриялдық революция бар. 5 әлеуметтік бастамасында Елбасы үлкен мақсаттарды алдыға қойған болатын. Соның ішінде 20 мыңнан артық жаңа мемлекеттік грант бөлінеді, оның ішінде 11 мыңы техникалық мамандарға жіберіледі. Біз оны дәстүрлі түрде өзімізде ғана дайындап шектеліп қойғымыз келмейді. Оны осындай дамыған университеттермен бірлесіп, жаңа оқу бағдарламаларын жасап, бірлесе, тіпті болып жатса екі университеттің дипломын беретіндей, сонымен бірге лабораторияны екі жақ бірге пайдаланатындай, үлкен ғылыми жобаларға бірге араласындай мәселелерді көтеріп жатырмыз.
Вальдемар Сивиньски, «Перспективы» білім беру қорының президенті:
- Қазақстан - өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Онда білікті мамандар мен жақсы идеялар бар. Біз осы идеяларды ғылым саласында Қазақстан мен Польша арасында біріктіргіміз келеді. Айти технология, компьютерлік ғылым және математика бағыты бойынша бірлесіп дамуға қызығушылық танытып отырмыз. Өйткені Қазақстанның да, Польшаның да жоғары оқу орындары бұл салада көптеген белестерді бағындырған. Серіктестікке тереңдете түсуге ниетіміз мол.
Пікір 3