Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының арасында қандай айырмашылық бар?
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының арасында қандай айырмашылық бар? Бұл туралы Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты Ерлан Саиров айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс пен мәслихат сайлауы еліміздегі саяси реформалардың логикасына сәйкес келеді. Себебі саяси жүйеде үлкен трансформация болып жатыр. Трансформацияның бір бөлігі өкілетті органдарға, оның ішінде Парламентке жаңа күштер, жаңа азаматтар мен жаңа серпін беруі керек. Сол себепті бұл – өте дұрыс шешім, - дейді Ерлан Саиров.
Экс-депутаттың сөзінше, экономикалық жағдайды жақсарту үшін бізге жаңа адамдар, жаңа әлеуметтік экономикалық шешімдер қажет.
Экономикалық жағдайды түзеу үшін бізде осындай сайлаулар көп болуға тиіс. Бұл сайлаудың ерекшелігі аудандық мәслихаттардың депутаттарын халық тікелей сайлайды. Облыстық депутаттардың жартысын тікелей халық сайлайды. Мәжіліске бір мандатты округтерден бір мандат келеді. Конституциядағы ең негізгі принцип – әр азаматтың сайлау және сайлануға қатысуы іске асады, - деп түсіндірді Саиров.
Ол Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының арасындағы айырмашылық туралы қоса кетті.
Мәжіліс депутаттары заң шығару құқығына ие, ал мәслихат депутаттары жергілікті жерде тиісінше жергілікті бюджеттің дұрыс атқарылуын, оны халықтың мүддесіне жұмсалуына қарастыруы керек. Мәжіліс те, мәлихат та - Қазақстанның өкілетті органдарының негізі. Мәжіліске бір мандатты округтен, яғни 30 пайызын халық кандидатты тікелей сайлайды. Бұл кандидаттар бір партияның мүшесі болуы, болмауы міндетті емес. Яғни олар бейресми, тәуелсіз кандидаттар болады деген сөз, - деп айтты ол.