Шетелдік автокөліктер заңдастырылады
Көптің көкейінде жүрген мәселе – шетелден келген автокөлікті заңдастыру ережесі қалай жүзеге асатындығы. Қазіргі көп талқыланып жатқан да осы көліктердің мән-жайы. Өткен жылы бірнеше мәрте көтерілген бұл жағдайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, жеңілдіктер қарастыруды тапсырды. Соған байланысты жақында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді заңдастыстыру қашан басталатындығын Орталық коммуникациялар қызметінде көпшілікке мәлімдеген еді.
Шын мәнінде, елімізде шетелден келген автокөлік саны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, құзырлы органдар өткен жылы 300 мыңнан аса шетелдік автокөлікке автосақтандыру полисі рәсімделгенің анықтаған. Қазақстандықтардың көпшілігі Ресей, Қырғызстан, Армения елінен автокөлік әкелуге әуес. Осыған байланысты шетелден жеткізілетін көліктердің саны артпаса кемімегені анық.
– Үкімет 11 қаңтарда 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын бекітті. Ережелер алғашқы ресми жариялаған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Яғни, ережелердің бүгін жарияланғанын ескере отырып, олар 2023 жылдың 23 қаңтарында дүйсенбіден күшіне енеді және сол күннен бастап шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісеміз, – деді министрдің орынбасары И.Лепеха.
Министрліктің мәлімдеуінше, тиісті өзгерістерге қатысты заңдастырылған автокөлік иелерінен утилизациялық алым алынбайды. Алдағы аптада қолданысқа енгізілетін заңдастыру ережесі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады. Заңдастыру ережесін жүргізуде сала мамандары бірнеше талапқа сүйенеді. Негізгі талаптарға автокөлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкеленуі, көліктің іздеуде болмауы, өзге мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, кедендік тексерістен өтуі кіреді.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасарының келтірген дерегі бойынша көлік иесі бастапқы тіркеу үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына 200 мың теңге, техпоспорт үшін мемлекеттік баж – 4313 теңге және мемлекеттік нөмірге – 9660 теңге алым төлейді. Жалпы, шетелдік автокөлік тіркелген жағдайда жасы мен экологиялық сыныбына талап қойылмайды. Негізінен, жаңа ереже жеңіл автокөліктерге, шағын және орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін), шағын жүк көліктерге (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін) оның ішінде, басқару тетігі оң жақта орналасқан көліктерге де қолданылады.
– Елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру ережесі бекітілгені жекелеген азаматтарға қолайлы. Сырдария ауданы бойынша шетелдік автокөлігі бар азаматтарға жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Осыған дейін қиындықтардың алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіле бермек. Алдағы аптадан бастап, шетелдік автокөлік иелері жаңа ережеге сәйкес, автокөлігін заңдастыра алады. Әрине, мемлекеттік нөмірге қол жеткізіп, заң аясында автокөлік жүргізген дұрыс. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастырылмаған көлік иелері сақтандыру ала алмайды. Сақтандырусыз көлік жүргізген автокөлік иелеріне 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Сонымен бірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері автокөлікті айыптұраққа қояды, – деді аудандық полиция бөлімінің Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Сейілхан Кеукенов.
Айта кетейік, бүгінде аудан көлемінде Ресей мемлекетінен 245, Грузиядан 1, Қырғызстаннан 10, Армения елінен 15 автокөлік әкелінген.
Балтабай ОРДАБЕКОВ