Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды

Әйелдердің ел дамуындағы рөлі талқыланды

Қызылорда қаласындағы "Достық" үйінде "Amanat" партиясының облыстық филиалының ұйымдастыруымен "Әйелдердің ел дамуындағы рөлі" тақырыбында форум өтті. Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі  Мақпал Тәжмағамбетова, кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері, жалпы 200-ге жуық әйелдер қатысты.

Қазіргі әлемдегі әйелдердің рөлін талқылау және жүйелік мәселелерді шешудің жалпы тәсілдерін әзірлеу мақсатын көздеген форумды тележүргізуші, "ORDA FM" радиосының директоры Мейрамгүл Мәдәлі жүргізіп, "Әйелдер: жаңа жағдайдағы жаһандық миссия" тақырыбы назарға ұсынылды.

Пленарлық отырыста "Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау түрлері туралы" "Бастау Бизнес" бағдарламасының бизнес-тренері Н.Мишукова хабарлама жасады. Сонымен қатар бизнес иелері, Шиелі ауданы, Ы.Жахаев ауылының кәсіпкері Ләззат Парменқұлова, Қызылорда қаласынан "Қылыш" ШҚ төрайымы, кәсіпкер Рахила Смаева ауылда мал шаруашылығын дамыту туралы тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық перинаталдық орталық Бас дәрігерінің стратегиялық даму және ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Гүлнар Жұмашева қоғамдағы әйелдердің миссиясы мен бүгінгі және болашағымыз үшін саламатты өмір салтын ұстану қажеттігі жайында сөз қозғады. Бүгінде ана мен бала денсаулығын қорғауда атқарылып жатқан іс-шаралармен, облыстағы бала туу көрсеткішінің соңғы жылдары едәуір өскендігін, медицина салысының соңғы технологиямен жабдықталуын баяндады.

Форум аясында отбасы бюджетін жоспарлаудың негізі, қаржылық сауаттылық туралы арнайы маманның хабарламасы тыңдалды. Сондай-ақ көп балалы ана, комбайн тізгінін алған кәсіпкер Гүлмира Медешова табсықа жетудің жолы адал еңбекте екенін айтты. Көпшілікке робот-келін атымен танылған блогер Ақтолқын Серікбай әлеуметтік желі арқылы табыс табуға болатынын, өз өмірінен мысал келтіре отырып айтып өтті. Қолөнер шебері Үржамал Дүйсембиеваның осы күні әлеуметтік желі арқылы әйел адамдарды қолөнер шеберлігіне тегін үйретіп жүргені көпке үлгі етілді. Бүгінде жүздеген қыз-келіншектерді құрақ құрап, кесте тоқуға үйреткен ақ жаулықты ана кәсіп үйренуге ешқашан кеш болмайтынын айтты. Кәсіптің заманауи түрлері туралы да өмірлік тәжірибесі арқылы бөлісті. Қолөнер шеберінің туындыларынан көрініс көрсетілді. Сахнаға шыққан әйелдердің арасында кимешек киген аналар өз қолынан шыққан ұлттық киімдерінің сән үлгісі ретінде көрсетті. Ұлттық нақышта тігілген киім үлгілерінің арасында үкілі тақия киген қыздар мен шашбаулы келіндердің де бүрмелі көйлегі көздің жауын алады. Сондай-ақ бисермен әшекейленген қол сөмкелері де сәнді етіп тігіліп, нәзік жандылардың назарына ұсынылды. Қатысушылардың ыстық ықыласына бөленген қолөнершілердің әрқайсысы бизнестің осы түрін меңгерген әйел-аналар.

– "Amanat" партиясының ұйымдастыруымен өткен әйелдер форумына қатысып, керемет әсер алдым. Әйел-аналардың қоғамдағы орны мен ел дамуындағы рөлі жанжақты талқыланды. Форумға арнайы келген ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Тәжмағамбетова әлеуметтік сала бойынша талқыланып жатқан жаңа заң жобалары туралы айтты. Жаңа жылдан бастап ана мен балаға жасалатын мемлекеттік қолдаулардың артатыны қуантады. Сонымен қатар осы күні кәсіптің көптеген түрін меңгерген аналардың ісмерлігін көріп тамашаладық. Көрмеге қойылған әрбір бұйымның кереметтілігі сонша, әйелдің қолынан шыққан дүние табыстың көзіне айналатынына көзіміз жетті. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін әйелдің жүрегі мейірімге толы болады. Отбасы мен бизнесті ұштастырып, екеуін де дамытып отырған әйелдерге зор денсаулық тілеймін, – дейді №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің директоры Айнұр Әлиева.

Форум қорытындысында әйел аналардың бүгінгі заман көшіне ілесіп, кәсіпкер атану жолында кездесетін кедергілер мен одан шығу жолдары тұрғысында ұсынып-пікірлер айтылды.

Айту керек, облыстық форумға ауданнан 25 әйел-делегат қатысып қайтты.

Бибісара ЖАНӘЛІ
07 желтоқсан 2022 ж. 378 0