Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨРТ – ӨКІНІШКЕ ӘКЕЛІП СОҚТЫРАР...

ӨРТ – ӨКІНІШКЕ ӘКЕЛІП СОҚТЫРАР...


Соңғы күндері желдің күшеюі адамдарды әбігерге салуда. Күн жарық болса да желдің ұйытқуы кейде адамдарды бет қаратпай, шаң-тозаң жұртты әуреге салғаны рас.

Әзілқой жерлесіміз Қанат Әлжаппаров «Қызылордада түске дейін жел оңтүстіктен, түстен кейін солтүстіктен соғады» деп қалжыңдаған еді. Сол айтқандай, қазіргі таңда желдің ұйытқи соғуы үдеген сайын түрлі қауіптерге душар қылуда. Қатты жел тұрса қурап тұрған ағаштар сынып, көшелердегі жарықтың өшуіне, байланыс сымдарының үзілуіне, шатырдың ұшуына себеп болады. Ал осындай көктемде жел өрттің өршуіне де әкеліп соқтыруда.
Бүгінгі таңда қыстай қам-қарекетсіз демалған еңбекшіл қауым ерте көктемнен егін даласына кетпендерін арқалап шыққан. Жылдағыдай жер тоңы жібігенде егін егудің қамына кірісіп, жер өңдеу жұмыстарымен айналысуда. Ол үшін өткен жылдан қалған қалдықтардан құтылу мақсатында егістік жерлерді өртеп, жер жыртуға қолайлы жағдай туғызуда. Алайда, желді күні тұтанған жалын жан-жақты жайпап, көпшілікті әуре-сарсаңға салған.
Өрттің – тілсіз жау екені баршаға белгілі. Десе де, осы отты күнделікті пайдаланамыз. Отсыз тіршілік жоқ десек те болады. Өйткені, күн сайын ас-ауқат оттың көмегімен әзірленеді, жалын болмаса, жанымыз жылымайды. Дегенмен, оны өз орнымен пайдаланудың ретін білген, түсінген абзал. Олай дейтін себебіміз, жоғарыда айтқан шаруа адамдары егістік жерлерді өртейміз деп өзгелерге зор шығын әкеліп жатыр. Тілсіз жауды «ырқыма көндіремін» деп ығыры шыққандарды да білдік. Желдің әсерінен егістік алқапты шапшыған өрт шектеулі аймақтан шығып, ырыққа көнбей жатады. Айта берсе, соңғы 1-2 аптаның көлемінде өрт сөндіру қызметшілеріне тыным болмай кетті. Арнайы көліктің «жағымсыз» дауысын қосып, безілдеп бара жатқанын жиі көретін болдық.
Иә, «отпен ойнағанның күйетінін» ұмытпаған жөн. Оның үстіне, осындай жел тұрып тұрған шақта отпен ойнауға әсте болмас.
Қазір жұртшылық есік алдын жинастырып, шөп-шаламды шауып, қоқыстардан құтылуда. Үйілген үйіндіні залалсыз аймаққа шығарғаннан гөрі көпшілікке өртей салған тиімді болып тұр. «Өз үйім, өз қорам» деп, өз қалауын жасайды. Алайда, «өзім білемге» салынып, отты тұтатқандардың оңай жолдан опық жеп қалып жатқандары қаншама. Шамалы жұмысқа жалқауланып, шамасы келмейтін шырғалаңға душар болуда. Сондықтан осы отты тұтату кезінде аса сақтық танытқан дұрыс. «Боранды күні ит пен бала құтырады» демекші, желді күні жалынның тұтануына жол бермеудің қамын жасау керек.
Үйде де күнделікті отты пайдаланғанда абай болу қажет. Әсіресе, газ-плитасын тұтынғанда өрт қауіпсіздігін сақтаған жөн. Өйткені, тіршілігімізге тиімді болып отырған газ оттың әсерінен жарыла қалса, «кең сарайдай» болған үйді таба алмай қалу қаупі жоғары. Бір үйді тұрғызуға көп ағаш керек болса, оны құртуға бір тал шырпы жеткілікті.
Жалпы, біз мұны біреуге мін тағу үшін, біреуді сынау үшін жазып отырғанымыз жоқ. Тек тұрғындар отты тұтынғанда сақтық шараларына өте мұқият болса екен дегенді алға тартудамыз. Өйткені, өрттің өршуі, жалынның шарпуы қалай болса да адамға зиянын тигізеді. Сол себепті, жел тұрғанда абзалы отты тұтатпай, есті қадамға барған жөн. Әйтпесе, оның арты қандай жағдайға душар ететіні белгілі. Біздің мақсат – өрттен абай, сақтық шараларға мұқият болуды ескерту.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
07 сәуір 2018 ж. 991 0