Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев мәслихаттың кезектен тыс XVІІ сессиясында аймақтың даму жоспарын баяндады

Нұрлыбек Нәлібаев мәслихаттың кезектен тыс XVІІ сессиясында аймақтың даму жоспарын баяндады

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVІІ сессиясы өтті. Сессияны облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.

Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы және облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде 15 мәселе қаралды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ басшысы ретіндегі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалу барысын баяндап, 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде есеп берді. Өңір басшысы облыстың экономикалық дамуында оң тенденцияның қалыптасқанын тілге тиек етіп, аймақ үшін маңызды жобаларды тізбеледі.

«Облыстың экономикалық дамуында оң тенденция бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,4 пайызға, инвестициялар тарту 14,7, құрылыс жұмыстары 8,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер 11 және сауда 1,4 пайызға артты.
Дегенмен, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері төмендеп келеді. Өйткені, өңірде мұнай өндіру көлемі жыл сайын азаюда. Соңғы жылдары мұнайдың сарқылуына байланысты оның жаңа көздерін анықтау мақсатында геологиялық зерттеу жұмыстары басталды.
Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6,5 пайызға артып, 52876 бірлікті құрады. Жыл басынан бері экономика салаларында 13 297 жұмыс орны құрылды, оның 5884-і тұрақты. Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сессия отырысында облыс әкімі өңірге қаржы тарту мәселесіне де тоқталды. Биыл 373,5 млрд.теңге инвестиция тарту көзделген. Осы ретте Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бес жылдығында құны 654 млрд.теңгенің 46 жобасын жүзеге асыру жүргізілуде. Бүгінде жобалармен шығарылған өнім көлемі 22 млрд.теңгені құрап, 18,2 пайызға артты. Биылдың өзінде 9 млрд.теңгеге 258 жұмыс орны құрылатын 5 жоба іске асырылмақ.

Мұнан соң Нұрлыбек Нәлібаев 2021 жылғы облыс бюджетінің жұмсалуы мен аймақтың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуына тоқталды. Былтыр бюджеттік түсімдер болжамы 100,3%-ға орындалып, кірістер 1,3 млрд.теңгеге артық түскен. Ал, шығыстар бойынша бюджеттің атқарылуы 99,1% құраған.

«Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы» 25 нысаналы индикатордың 17-сі былтыр орындалып, оң көрсеткіштер көрсетті. Алайда, аймақ басшысы даму жоспарының орындалу барысын әлі де белсендету қажеттігін атап өтті.

Сессия отырысында аймақ басшысы маңызды мәселелердің бірі ретінде облыстың қарыз міндеттемелері бүгінгі күнге 101,1 млрд.теңгені құрағанын алға тартты. Жыл соңына дейін тек білім саласының өзіне педагогтердің жүктемесі 18-ден 16 сағатқа төмендеуіне байланысты 12 млрд.теңге, балабақшалардағы жан басына қаржыландыру әдістемесіне экологиялық коэфициенттің есептелмеуінен 3,4 млрд.теңге, жобалық қуаты 100 орынға дейінгі мемлекеттік балабақшалардың еңбекақысы мен коммуналдық шығындарына 1,7 млрд.теңге, барлығы 17,1 млрд теңгенің қажеттігі бар.

Жиын барысында депутаттар тарапынан бірқатар мәселелерге қатысты ұсыныстар айтылды. Облыс әкімі әрбір көтерілген мәселелер мен жолданған пікірлер зерделеніп, жан-жақты талқыға салынып, орнықты шешім қабылданатынын жеткізді.
12 шілде 2022 ж. 491 0