Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазнеттегі домендерді тіркеудің жаңа ережесі бекітілді

Қазнеттегі домендерді тіркеудің жаңа ережесі бекітілді


2018 жылдың 13 наурызынан бастап қазақстандық ғаламтор кеңістігіне тіркелу, қолдану және домендік атауларды бөлу ережесі мақұлданды. Оны қорғаныс және аэроғарыш саласы министрлігі бекітті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Домендік атауды тіркеу үшін арнайы пішінде сенімді, толық ақпаратпен электронды немесе қағаз түрінде өтініш толтыру қажет.
Тіркеуші өтінішті қабылдаған күннен 3 жұмыс күні ішінде өтініштің шынайы және толық жазылғанын, домендік атаудың қолжетімділігін, оның ғаламтор стандарттарына сәйкестігін және заңға қайшы еместігін тексереді.
Қазақстандық ғаламтор кеңістігінде домендік атауды пайдалану келесі жағдайларда тоқтатылады:
  1. домендік атауды тіркеу үшін жіберілген өтінште тіркеуші туралы сенімсіз мәліметтер анықталса;
  2. ғаламтор-ресурсында зиянды бағдарламалар анықталса, оны пайдаланғанда қауіп төндіретін болса;
  3. домендік атауды пайдалануды тоқтата тұру туралы сот шешімі болса;
  4. тіркеуші уәкілетті орган хабардар болған ақпараттық қауіпсіздікке зиян келтірген немесе ҰҚК-нің мемлекеттік техникалық қызметіне қауіп төндірген болса.
Екінші деңгейдегі қорғалған домен атаулары және кейінгі деңгейлер домен атауларын қамтиды:
  1. EDU.KZ – білім беру қызметін жүзеге асыратын ҚР резидент ұйымдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
  2. GOV.KZ – ҚР мемлекеттік органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;
  3. MIL.KZ – ҚР Қорғаныс министрлігінің органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған.
04 сәуір 2018 ж. 765 0