Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыздарға құлаққағыс

Қыздарға құлаққағыс


Әйел заты сенімді де күдікшіл, сабырлы да тынымсыз, бақытта да, қиындықта да жарының жанынан табылатын ерекше жан болып жаратылған. 

«Әйелдің қырық жаны бар», «Қыз – елдің көркі», «Әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы. Еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы» дейді қызды құрметтеген халқымыз. Ал «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «Әйелдің күші аз, айласы көп» деген мақал-мәтелдер қыздың қырық жанынан хабар береді. 

Жалпы, қыз-келіншектердің не ойлайтыны, нені армандайтыны көп адамға жұмбақ. Бірде көңілденіп, бар шаруаны бір сәтте тындырып тастайтын және әлдебір нәрсеге ренжіп қалғанда дүниенің астаң-кестеңін шығаратын әйел жанын шындығында әлі ешкім зерттей алмаған сияқты. Сонымен әйел затын мазалайтын қандай ой болды екен? 

1. Бойжеткен шағында қыздардың көбі ақбоз атты ханзадасын кездестіруді армандайды 

14-15 жастағы қыз бала алғаш рет ғашық болған жанын идеал ретінде қабылдайды. Ол сезім баянды болмаса, қыздарымыз алданып, әркімнің қуыршағы болып кетеді. 

Қорытынды: қыз баланы шын сүйетін жігіт бойжеткен сезімін аяқ асты етпейді, қандай болса, солай қабылдайды. 

2. Жар таңдауда кемшілік жібермеу керек 

Бұл қағида барлық қызға анасының ақылы, тәрбиесі арқылы сіңеді. Ол мейлі таксист болсын, құрылысшы болсын, ең бастысы, сезімге тұрақты, адал жігітті кездестіріп отау құруы басты міндет болып есептелуі керек. 

Қорытынды: әйел заты көбінесе байлықтың соңынан қуып, басты қағиданы естен шығарып алады. Ол қағида ойда жүргенімен, дүние-байлықты есептеп жүргенде, уақыттың өтіп кеткенін байқамай қалып жатады. 

3. Тұрмыс құрған соң, көп әйелде күмән туады 

Үйленіп шаңырақ көтергеннен кейін, теледидардағы сансыз жұлдыз бен жолы болғыш құрбысының өміріне қарап, ойланып, күрсіне бастайды. «Жар таңдауда адастым ба, саған тимей, өзгені таңдағанда тағдырым басқаша болар ма еді?» деген ойлар іштей жеп, кейде ащы шындықпен күйеуінің мазасын алады. 

Қорытынды: Біреудің қаңсығы бізге неге таңсық? Өз өмірімізге шүкіршілік етудің орнына, ашуға ерік беріп, өз жүйкемізді тоздыру ешкімге жақсылық алып келмейді. 

4. Баланы көп туу дұрыс па? 

Тұрмыс құрған әрбір әйел затының арманы – тезірек сәбилі болып, жарын жақсы жаңалықпен қуанту. Тұңғышын дүниеге әкеліп, баланың тәтті қылықтары мен ұйқысыз өткен түндерін есіне алғанда, екінші, үшінші бала туралы ойы күдікке толады. "Әлі жаспын, босанып үлгеремін" немесе "мына заманда бір бала да жетеді" деген эгоистік ойлардың шырмауында жүреді. 

Қорытынды: Әйел баласының басты міндеті мен бақыты – өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, оған дұрыс тәрбие беру. 

5. Мен бақыттымын ба? 

Осы сұраққа жауап таба алмай жүрген әйелдер қаншама?! Шаңырағыңызда береке мен шаттық мекендеп, балаларыңыздың аман-сау алдыңызда ойнап-күліп жүргенінің өз бақыт демей немене?! Сезімге беріліп, өз отбасының ойранын шығарып, ажырасып, өз баласының психикасын бұзып жатқан әйелдер де бар. 

Қорытынды: Жалпы стрестік жағдай өз іс-әрекеттерімізге ие бола алмай қалу дәрежесіне дейін алып келеді. Әйел күнде таңертең «Мен бақыттымын! Жарымның, балаларымның амандығы – бақыт!» деп позитивті ойлауы керек. 

6. Мен қандай анамын? 

Ана атану, баланың қызығы мен шыжығын қатар алып жүру көп әйелдерге қиындық тудырып жатады. Балалары туралы балабақша, мектептен сын сөздер естіп жатса, бірінші кезекте өзін айыптап, «Дұрыс тәрбие бере алмадым ба, отбасымда балаға тым көп қысым көрсетіліп жатыр ма?» деген сансыз сұраққа бас қатырады. 

Қорытынды: Қандай бала болса да, еркелікке салынып, дұрыс емес іс-әрекеттерге барып жатады. Тіпті ересек адамның да ағаттыққа бой ұратынын ескерсек, саналы азамат дұрыс тәрбиеге көнеді. Әйел қауымы не ойласа да, отбасының қамы деп күйбеңдеп, жары мен балаларына жақсы болсын деп жасайды. Сондықтан, о бастан әйел затына артылған ауыр жүкті міндет етіп арқалап жүру оңай шаруа емес. Тек сол ой жақсы істерге дұрыс бағытталса ғана пайдасы молырақ болатынын ескере жүрейік, құрметті қыз-келіншектер.
02 сәуір 2018 ж. 1 247 0