Мәртебең қандай, мұғалім?
Әлеуметтік желіде мұғалімге әкіреңдегенімен қоймай, балағат сөздер айтқан жоғарғы сынып оқушысының әрекеті көптің жағасын ұстатты. Талдықорған қаласында болған жағдайды оқушылардың бірі камераға түсіріп алған. Бір күннің ішінде түгел елге тараған видеода дұрыс жауап беруді талап еткен мұғалімге жекіп, дауыс көтеріп, балағаттаған оқушыны көруге болады.
«ПЕДАГОГ МӘРТЕБЕСІ ТУРАЛЫ» ЗАҢ БАР
Осыдан екі жыл бұрын мемлекетіміз «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын қабылдаған болатын. 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бекітуімен қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заң ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген.
Заң жобасы 19 баптан тұрады және 500 мыңнан аса аталған қызмет иелерін қамтамасыз етуге арналған. Онда ұстаздардың мерейі мен беделін көтеруге бағытталған ережелер көрсетілген. «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңының негізгі мақсаты – ұстаздықтың ұлы жолына түскен тұлғалардың мәртебесін арттыру, жүктемесін азайту, оларды жөнді-жөнсіз тексерулерден, міндетті емес қызметтерден қорғау және ынталандыру сияқты өзге де мәселелерді заңды түрде орнықтыру.
Әлгі видеоны көріп жаға ұстаған біздер мемлекеттің мұғалім мәртебесін қорғайтын арнайы Заң жобасы бар екенін, оның қандай бағыттарды негіз ететінін, мұғалімнің мәртебесі мен өзге де құқықтары туралы сараптауды жөн көрдік. Мұғалімді қорлауға жол беруге болмайды. Мұндай бассыздықтың түбі жақсылыққа апармайды.
ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІН ҚАЛАЙ АРТТЫРАМЫЗ?
«Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасында ұстаздарға көптеген жаңашылдық қарастырылған. Педагогтердің жағын жақтап, қызметін қолдау мақсатында олардың кәсіби қызметіне қатысты төмендегідей ережелер қабылданды:
Алдымен, кәсіби қызметті қамтамасыз ету шарттары. «Бұл ретте педагогке өзінің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады» делінген аталған Заңда. Кейде мектептерге бір уақытта бірнеше тексеріс жүргізіледі. Келген комиссияға жеке кабинеттер бөлініп, жұмыс барысын түсіндіру үшін қызметкерлер көп уақыт жұмсайды. Соның салдарынан жұмыс режимі де бұзылады. Бас прокуратураның ақпараты бойынша соңғы жылдарда бақылау-қадағалау органдары мектептерде 10 мыңға жуық тексеру жүргізсе, оның 8 мыңы немесе 80%-ы жоспардан тыс болып шыққан. Бұдан былай бұл қызмет иелерін оның кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмысқа жұмылдыруға жол берілмейді. Сондай-ақ жөн-жосықсыз тексерістер де азаятын болады.
Ендігі педагог мамандарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген ақпаратты ұсыну, тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу талап етілмейді. Заңмен бекітілген бұл нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынатыны белгіленген.
Мұнан соң педагогтің кәсіби қызметтегі құқықтары. Қолданысқа енген Заң аясында бұл мамандық иелерінің құқықтары да көрсетілген. Бұған сай мұғалім педагогикалық қызметті ұйымдастыру тәсілдері мен нысандарын таңдауда еркіндікке ие. Өзінің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүдделі. Өзге лауазымды тұлғалардың оның кәсіби қызметіне араласуына жол берілмейді. Ендігі жерде олар ғылыми, зерттеу, шығармашылық, эксперименттік қызметті жүзеге асыруға, педагогикалық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге, оқыту мен тәрбиелеудегі жетілдірілген авторлық бағдарламаларды даярлауға және қолдануға құқылы.
Оқу құралдарын, материалдарды және білім беру бағдарламасына сәйкес оқыту мен тәрбиелеудің өзге де құралдарын таңдауға, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді және оқу құралдарын әзірлеуге қатысуға да мүмкіндік қарастырылады.
Тағы бір мүмкіндік біліктілік санатына қатысты. Жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтерінен өзге мұғалімдер мерзімінен бұрын біліктілік санатын ала алады.
Заңда міндетті әскери қызметке шақыртылғандарға да шешім бар. Олар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруға құқылы.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Бұрындары ең төменгі жалақы мұғалімдерге тиесілі еді. Бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді. Ұстаздар қауымына жеткілікті дәрежеде жағдай жасалып жатқандығы көңілді қуантады. 2020 жылы ұстаздар жалақысын 25 пайызға өсіру және төрт жыл ішінде екі есе арттыру көзделген. Бұл қазіргі кезде реттілікпен жүзеге асып келеді.
Заң аясында мұғалімдерге қосымша ақы беру туралы шешім шығарылды. Сондай-ақ мектеп директорлары мен олардың орынбасарларына біліктілік санаты негізіне қарай жалақысын арттыру көзделген. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы үшін педагогтерге 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді.
Сондай-ақ философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін, ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге әртүрлі ынталандырушы қосымша төлемдер, оның ішінде «Үздік педагог» атағын иеленушіге кемінде айлық есептік көрсеткіштің 300 еселенген мөлшерінде сыйақы белгілеуге құқы бар.
Жекеменшік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді олардың құрылтайшылары немесе соған уәкілеттік берілген адам айқындайды.
Айта кетейік, ұстаздардың жалақысы оның жұмыс өтіліне, біліктілік санаты, білім деңгейіне және оқу жүктемесіне қарай белгіленеді.
МІНДЕТ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Педагогтік кәсіби қызметпен айналысуға педагогтік қызметті жүзеге асыру құқығынан айырылған тұлғаларға тыйым салынады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әрекетке қабілетсіз, медициналық, психиатриялық қарсы айғақтары бар немесе наркологиялық есепте тұрған адамдарға Еңбек кодексінде көзделген шектеулер негізінде жол берілмейді. Егер заң бұзушылық орын алып, шектеулері бар адамдарды педагог қызметіне тартса, тиісті орындарға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Заң негізінде педагогтерге артылар міндеттер мен жүктелер жауапкершіліктер де белгіленген. Ол бойынша педагог өз қызметі саласында тиісті кәсіби құзыреттерді меңгеруге; балаларды заңға, адамның құқықтары мен міндеттеріне, жоғары адамгершілікке, отансүйгіштікке, ата-анаға, үлкендерге құрмет көрсетуге; ұлттық құндылықтарға, елдің мемлекеттік құрылымы мен рәміздеріне, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге міндетті. Және педагог білім алушыларды саяси, діни немесе өзге де нанымдарды қабылдауға не олардан бас тартуға мәжбүр ете алмайды. Әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни немесе тілдік тиесілік белгісі бойынша азаматтардың ерекшелігін, халықтардың тарихы, мәдени дәстүрлері туралы жалған мәліметтерді хабарлау арқылы үгіт жүргізуіне тыйым салынады. Сондай-ақ білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануға құқығы жоқ.
Педагог міндеттерін бұзса және педагог атағына кір келтіретін теріс қылық жасаса, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылады. Себебі, Заң – баршаға ортақ.
Керісінше мұғалім мәртебесі тапталса да, «Заң – баршаға ортақ» дегенді қайталап айтамыз. Себебі, кейде өз баласынан халық баласының қамын көбірек ойлап кететін мұғалім мамандығын жанына серік еткен жандар қашан да құрметке лайық. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Бұны бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та жадына тоқып алуы керек. Мұғалім қандай да құрметке лайық. Ал мұғалім мәртебесін аяққа таптағандар қандай да жазаға лайықты.
ТҮЙІН
Әлгіндегі видеоға қатысты әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі қаққа жарылған. Бірі «мұғалім ашуына тиген болар, баланы да түсінуге неге тырыспаймыз» десе, екіншілер мұғалімге дауыс көтерген баланы көргенсіз деп сөгуде. Иә, қазіргі баланың да, үлкеннің де жүйкесі тозған. Оған экологиялық жағдай, құнарсыз тағам, сонымен қоса ұрпақты «тәрбиелеп отырған» ғаламтордың ықпалы зор екені айқын.
Қанша дегенмен ұстазға тіл тигізгенді қорғаштау орынсыз. Үлкендер жағы мектеп кездерін еске алғанда «мұғалімнен таяқ жеп өстік» деуші еді. Сонда біреуі қарсы шығып мұғалімге аузына келгенін айтпаған. Содан жаман болып қалмағаны да анық. Мәселеге Білім және ғылым министрі бей-жай қарамай, өз пікірін білдіргенін де айта кетейік.
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» деп М.Әуезов бекер айтпаған. Еліміздің дамуы мен болашақтағы бейнесі ғылым мен білім жүйесінің біртұтастығымен өлшенеді. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген. «Қапы қалмасқа» ұстаздар қауымының атқарар қызметі мен алар орны орасан. Оларға артылар жүк те ауыр. Түгел ұрпақты тәрбиелеуші тұлғалардың мерейі үстем болса, ел мерейі де биік болмақ.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ