Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Серік Қожаниязов: Болжам бойынша жағдай өткен жылдан да қиын болмақ

Серік Қожаниязов: Болжам бойынша жағдай өткен жылдан да қиын болмақ

Қазақстанның оңтүстік өңірлерін аралап, су шаруашылығының жай-күйімен танысқан ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг өткізді, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.

Серік Қожаниязовиың айтуынша, биыл су шаруашылығындағы жағдай былтырғыдан да күрделі болады.
«Қалыптасып отырған жағдайды көріп, су шаруашылығындағы қиыншылықтарды саралап, оңтүстік өңірлерде іс-сапармен жүрміз. Өкінішке орай, былтыр қиын жыл болды. 1 ақпандағы Қазгидрометтің болжамы бойынша жағдай әлі де дұрысталған жоқ. Өткен жылдан да қиын болмақ. Атап өтсек, таулы жерлерде судың келуі 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40-50 пайызға дейін кем»,- деді Серік Қожаниязов.
Сырдария өзенінің 90 пайыз суы өзге елдерден яғни, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан арқылы түседі. Қазіргі таңда Тоқтағұл су қоймасында 8,9 млрд. текше метр су бар. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге кем болып отыр.
«Өкінішке орай, Шардара су қоймасына вегетацияаралық кезеңінде өткен жылдың 1 қазанынан бастап осы жылдың 1 сәуіріне дейін 10,3 млрд. текше метр су келеді деп болжаған болатынбыз. Алайда, су болжағаннан да кем түсіп отыр. Осы жағдай жалғасатын болса, 10,3 млрд. текше метр судың орнына Шардараға 7,3 яғни 3 млрд-қа кем су келуі ықтимал. Қызылорда облысының егістік жерлері бар, одан қалды Арал маңындағы көлдер жүйесі бәрі де Шардараға қарап тұр. Сыйымдылығы 5,2 млрд. текше метр болатын Шардараға вегетациялық кезде су келмейтін болса жағдай өте күрделі болмақ. Барлық аудандарда да қиыншылықтар бар. Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистралды каналын суландыру мәселесі бар, Шиеліде Қамысты каналында проблема бар. Былтыр насоспен магистральды суды қосымша беріп көрдік. Нәтижесі болды. Сол себепті бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Сырдария мен Жалағаш ауданында да ондай мәселе жоқ. Бұл 2 ауданда ең үлкен күріш алқабы бар. Жылына 20 мың гектарға дейін күріш егеді. Дегенмен сол аудандарға биыл күріш көлемін шектеу керек. Себебі жақын орналасқан Қармақшы ауданына су жетпей, қиындық туғызады. Ал, өткен жылы Қармақшы ауданында Батыс Қармақшы қашыртқысынан Қурайлы каналына насос айдап көрдік. Биыл да сол жұмыстар жалғасын табады. Аз да болса Қармақшының жағдайы дұрысталады деген ойдамыз. Сондай-ақ, Қазалы ауданына Әйтектің құрылыс жұмыстары біткеннен кейін, Қараөзектің бойына су жиналуына мүмкіншілік болды. Сонымен қоса қосымша насостар қою арқылы шешуге мүмкіндік бар», – деді Серік Қожаниязов.
06 ақпан 2022 ж. 243 0