Қызылордада жеке қоғамдық көліктерге субсидия бөлінді
Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 2021 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 2 магистральды жол құрылысы және ұзындығы 40,7 шақырым болатын 63 көшеге қиыршық тас, 20 көшеде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді.
Құрылысы 2019 жылы басталған С.Бейбарыс көшесінен «Қызылжарма» каналы – Назарбаев даңғылына дейін магистральды көше құрылысы ағымдағы жылы толығымен аяқталмақ.
Бұл туралы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспанов мәлімдеді.
Қоғамдық көлік сапасын жақсарту бағытында 2021 жылдың соңында жеке тасымалдаушылардың 21 бағыты әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде танылды. 2022 жылға әлеуметтік маңызы бар 26 бағытқа 1 млрд теңге субсидия бөлінді, – деді Бауыржан Оспанов.
Бөлім басшысының айтуынша қаладағы 79 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім ұсынылған. Сондай-ақ 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын орналастыру үшін жоба-сметалық құжаттарының сараптама қорытындысы алынды.
2021 жылы көппәтерлі тұрғын үй аулаларында 25 ойын алаңдары пайдалануға беріліп, 33 көшеге түнгі жарық бағаналары орнатылды.
«Қалалық арық жүйелерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін Қызылорда қаласына 26 дана барлау өндірістік ұңғымасын орнатуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурстарын жариялауға тиісті құжаттар дайындалуда.
Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту (модернизация) бойынша «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған», «Өңірлерді дамыту 2020 жылға» және «Нұрлы жер 2020-2021ж.ж.» бағдарламалары және ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес 2011-2021 ж.ж. аралығында 174 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2021 жылға 12 көппәтерлі тұрғын үйлерге құрылыс-мердігерлік келісім-шарт жасалып, жөндеу жұмыстары басталды. 2022 жылға 11 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарланып, бюджеттік өтінім берілді», – деді бөлім басшысы.