Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шекті бағаны ескермегендерге шара көріледі

Шекті бағаны ескермегендерге шара көріледі

Үкімет елдің барлық өңірі үшін 180 күнге, яғни 6 айға газдың шекті бағасын бекітті. Осы уақыт аралығында мемлекет белгілеп берген шекті бағаны негізсіз асыруға қатаң тыйым салынады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасы литріне 50-75 теңге болып белгіленді. Аймақтық ерекшелікке байланысты, баға әр өңірде әртүрлі. Ресми ақпараттарға сүйенсек, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында – газдың литрі 50 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін – литріне 55 теңге), Шымкент қаласында, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында газдың литрі 60 теңгеден (200 шақырымнан асатын шалғай аудандар үшін – литріне 65 теңге) сатылады. Алматы қаласында литрі 65 теңге болса, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында газдың литрі 70 теңге ( 200 шақырымнан асатын шалғай аудандарда – литріне 75 теңге) болып бекітілді.

6 қаңтарда қабылданған бұйрыққа сәйкес, бензиннің қосымша құн салығын есепке ала отырып бөлшек саудасына келесідей шекті бағалар белгіленді: АИ-80 маркалы – литріне 89 теңге; АИ-92 және АИ-93 маркалы – литріне 182 теңге; АИ-95 маркалы – литріне 215 теңге.

Дизель отыны үшін де шекті бағалар өңірге байланысты белгіленді. Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 260 теңге болса, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында – литріне 230 теңге.

Энергетика министрі М.Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, елдегі энергетика саласы штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Транспорттық шектеуге байланысты Теңіз кен орнында мұнай мен газ өндіру көлемі азайған. Десе де, жұмыс тоқтап қалған жоқ. Елдегі үш мұнай өңдеу зауыты да қалыпты режимде жұмысын жалғастыруда.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде сиыр, қой еттері, картоп және сәбізге бағаларды тұрақтандыру мақсатында ірі қара мен ұсақ малдарды 6 айға, картоп пен сәбізді 3 айға шетелге шығаруға тыйым салынды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
11 қаңтар 2022 ж. 563 0