Өзіңе ұнайтын адам екеуің қыз бен жігіт болып кездесе бастасаңдар, қарым-қатынастың тұрақты болып, ұзаққа созылуы үшін мына қулықтарды есіңде сақта.
1. Салқынқандылық. Ол жігіт саған көңілін білдіргенде, бірден "иә" дей қоймаған боларсың? Сол кезде сенің жүрегіңді жаулау үшін жігіт қаншама әрекет жасады! Келген сайын гүл әкеліп, киноға шақырғаны есіңде болар? Жүрегіңді жаулап алған соң, бұның бәрі саябырси бастаса, қулыққа бар. Келгенде жігітіңді өте жылы қарсы ал, сағынғаныңды айт, сүйетініңді жасырма. Бірақ кездесуден соң, үйіне аман-есен жеткенін біл де, одан артық хабарласпа. Салқынқандылық таныт. Ұйқыдан тұрғанда, өзің бірінші болып оны іздеме. Өзі іздеп, хабарлассын.
2. Ауыр сөз айтпа. Ер адам өте намысшыл келеді, сондықтан оның туған-туыстары, достары жайлы ешқашан жаман пікір айтпа. Қанша ұрсысып қалсаңдар да, оған ауыр сөз айтып қоюдан сақ бол. Қыз бала нәзік болып жаратылған, сондықтан ұрыс кезінде де өз-өзіңе ие болып, нәзіктігіңді сақта.
3. Жөн-жосықсыз сыйлық бере берме. Қыздар жақсы көретін адамынан сыйлығын аямайды. Өзіне алмаса да, анасына, ағасына, әпкесіне бірдеңе сатып алып, жанашырлық танытып жүреді. Сол қамқорлығын жігітіне де жасайды. Егер сыйлықты жиі берсең, оның құны жоғалады. Алып қойған затыңды мейрамдарға сақта.
4. Кездесу кезінде, оның көзіне көп қара. Сөйлесіп отырғанда, жүріп келе жатқанда, оның көзіне ұзақ әрі тіке қара. Көздің адамды баурай түсетін ерекше қасиеті бар. Кездесуден соң, оның көз алдына сенің мөлдірей қараған жанарың келеді. Сосын: "саған қай жерім ерекше ұнайды?" деген сұраққа ол: "көзің!" деп жауап беретін болады.