Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсырды

Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсырды

Тәуелсіздік ұрпақтары - жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі. Бұл туралы бүгін Ақордада «Тәуелсіздік құрдастары» грантын салтанатты табыстау шарасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құрметті жастар! Баршаңызды келе жатқан ұлы мейрам - Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі кездесуіміздің ерекше мән-маңызы бар. Тәуелсіздік ұрпақтары - шын мәнінде жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі. Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп жетілді. Тәуелсіздік перзенттерінің алдыңғы толқыны ер жетіп, ел ісіне араласа бастады. Олар Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев егемендік кезеңінде туып өскен жастарымызға арнаулы грант беруді тапсырғанын атап өтті.

«Бұл - таланты ұл-қыздарымыздың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам. Қазақта «жас келсе іске» деген жақсы сөз бар. Халқымыз жастарға әрдайым сенім артып, ерекше үміт күткен. Ұрпақтың тәрбиесіне, білімді, білікті болуына айрықша ден қояды. Дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түседі. Олардың туған елге қызмет етуге құлшынысы қуантады. Мен грант жеңімпаздары ұсынған жобалармен танысып шықтым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл өте дұрыс. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау қазір барша азамат үшін аса маңызды мәселе. Кең байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне айналады деп сенемін. Шын мәнінде бұл еліміздің мерейтойына Тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ», - деді ҚР Президенті.
08 желтоқсан 2021 ж. 277 0