Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » "Technodom operator" – сұранысқа сапалы қызмет

"Technodom operator" – сұранысқа сапалы қызмет

Кент орталығы Тереңөзекте бұрынғы "Серікбол" сауда орталығы ғимаратынан "Technodom operator" акционерлік қоғамының Тереңөзек тапсырыс беру пункті ашылды.  Кәсіпкерлік нысанның жұмысымен аудан әкімі М.Ергешбаев танысты. Сауда орнының қызметі туралы аға оператор Еркебұлан Нариман айтып берді.

– "Technodom operator" Қазақстан бойынша барлық қалаларда өз қызметін ұсынып келеді. Енді оның қызметін сырдариялықтар көре алады. Аудан тұрғындары Қызылорда қаласына бармай-ақ тұрмыстық техниканың барлық түрлерін осы жерден ала алады. Сатып алушыларға ыңғайлы болуы үшін интернет арқылы сайтқа кіріп, қажетті тауарын көріп, таңдап, нақты ақшаға немесе бөліп төлеу арқылы қол жеткізе алады. Акционерлік қоғамның Қазақстан бойынша жеті банкпен келісім-шарты бар. Банк арқылы 24 айға бөліп төлеу де қарастырылған. Облыс аудандарында ашылған "Technodom operator" пунктерінде тауар бағасында айырмашылық жоқ. Еліміз бойынша тұрмыстық техника бағасы бірдей, – деді аға оператор.

Аудан әкімі жаңадан ашылған "Technodom operator"  жұмысымен танысып көріп, мұнда сатып алушылар үшін таңдау жасауға мол мүмкіндік беру керектігін айтты.

– Тұрғындарға затты қолына ұстап, сапасын көзімен көріп, таңдауына мүмкіндік жасау керек. Мына ғимараттың барлық бос тұрған орнын пайдаланып, сауда залын ұлғайту арқылы сатып алушыларға да жағдай жасайсыздар. Заман ағымына сай интернет желісімен жұмыс істейтіндеріңіз құптарлық. Дегенмен көз алдында тұрған тауарды таңдап алса, әрі сенімді, әрі ыңғайлы болады. Кәсіптеріңізге береке тілеймін, – деді аудан басшысы М.Ергешбаев.

Айту керек, "Technodom operator" Тереңөзек тапсырыс беру пункті ауданнан 5 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда 3 сатушы-кеңесші және 2 зат беру пуктінің операторы жұмыс істейді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 қараша 2021 ж. 283 0