Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел Президенті артық ақша массасын реттеу жолдарын атады

Ел Президенті артық ақша массасын реттеу жолдарын атады

Экономикада артық ақша массасы қалыптасты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында осы тенденцияны реттеудің жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құраған дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде экономикада шектен тыс ақша массасы қалыптасты. Бірақ осы қаржы жетпей жатқан салалар бар. Екінші деңгейлі банктер шағын шараларға, әсіресе, ауылдарда ақша салмайды. Сондықтан микроқаржылық ұйымдардың әлеуетін іске қосу қажет. Олар жергілікті орындарда жұмыс істеп жүргендіктен, ондағы клиенттерді, олардың бизнесін, мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мәселе бойынша шешімдер пакетін дайындауы тиіс», - деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережеге көшуді жеделдетуді тапсырды. «Соңғы кезде мемлекеттік шығыс міндеттемелерін жабу үшін бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан алынатын трансферттің арту тенденциясы байқалуда. Үнемі мұндай жеңіл жолмен жүру мүмкін емес. Қаржылық тұрақтылық қоры шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру бойынша шаралар қажет екені анық. Бірақ бірінші кезекте мемлекеттік шығындардың көлемі мен тиімділігіне бақылау керек. Ұлттық қор активтерін қалпына келтіру үшін бюджеттік ережені енгізуді жеделдету керек. Тиісті заңнамалық түзетулер жылдың соңына дейін қабылдануы қажет», - деді Президент.



01 қыркүйек 2021 ж. 434 0