Эпидемиологиялық ахуал күрделі
Коронавирус инфекциясының таралуы Сыр өңірінде қайта өршуде. Бірнеше күннен бері өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды бақылау матрицасында Қызылорда облысы «қызыл» аймақта тұр. Шын мәнінде, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі облыс орталығынан екенін айта кеткен жөн.
Облыс бойынша эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі жөнінде өңіріміздің бас санитар дәрігері Динара Жаңабергенова мәлімдеме жасады.
– Күнделікті жүргізілетін эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, «COVID-19» жұқтырғандардың басым көпшілігі вакцина салдырмаған адамдар. Қазір әлемде, республикада, аймақта эпидахуал өршіп тұр. Ауруханалардағы жүктемелер саны артты, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі ауыр халде жатыр. Былтыр аурудың симптомсыз түрі көп тіркелген болса, биыл аурудың мутациялануынан ауыр ағымда өтуде. Бұл жағдайды тұрақтандырудың жолы – сақтық шаралары мен вакцинация. Вакцина алу, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалған. Онлайн түрде екпеге жазылып, өз емханаңызда немесе ірі сауда орындарында ешбір кезексіз вакциналануға болады. Ауруды еңсеруге бірге күш салуға шақырамыз, – деді Динара Жаңабергенова.
Осы кезге дейінгі көрсеткіш бойынша облыс көлемінде вакцинаның 1 компонентін 220 060 адам, 2 компонентін 140 309 адам қабылдаған.
Қазіргі таңда аудандық ауруханаға қарасты коронавирус инфекциялық бөлімшесінде 28 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде, коронавирус белгісі бар пневмониядан 10 адамға, коронавирус инфекциясынан 18 адамға ем-шара жүргізілуде. 3 науқастың жағдайы ауыр болса, 3 жүкті әйел мен 2 бала инфекция жұқтырғандар қатарында. Науқастарға 3 дәрігер мен 10 медициналық орта буын және кіші буын қызметкері қолұшын созуда.
– Қазір аудан бойынша науқастар саны артып келеді. Жағдайы ауыр 3 науқас бұған дейін вакцина қабылдамаған. Қауіпті індет балалар мен жүкті әйелдерден анықталуы алаңдатады. Қай кезде де жақынымызға жанашыр болып, бейқамдық танытпайық. Әрбір науқастың денсаулығын жіті қадағалап, тиісінше ем-шара қолданатын боламыз, – дейді аудандық ауруханың жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Манат Садықова.
Дәл осы күні аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 317 адам коронавирус жұқтырған.
Балтабай ОРДАБЕКОВ