Үйде отырған әйел шаршай ма?
Ер – түздің адамы. Табыс тауып, отбасын асырау оның міндеті. Біз, әйелдер, еріміз жұмыстан келгенде қас-қабағына қарап, ас-суымызды дереу алдына тоса қойып, жатар орнын дайындаймыз. «Шаршады, тынықсын» дейміз.
Ал енді мына қызықты зерттеуге көз салыңыз.
Техас штаты университетінің ғалымдары күннің соңында әйел адамдардың ерлерге қарағанда көбірек шаршайтындықтарын анықтады. Оның себебі де белгілі – негізгі жұмысымен қатар, әйелдерге үй шаруасы да (ас әзірлеу, кір жуу, баланы балабақшаға немесе мектепке апарып алып келу тағысын тағылар) едәуір күш салады. Сондай-ақ күйеуі мен балаларының жағдайын ойлану да әйелдің психологиялық, эмоционалды жай-күйіне әсер етеді. Физикалық еңбекпен қатар, интеллектуалды еңбек те зор күш-қуатты талап етеді.
Міне, сондықтан құрметті ер-азаматтар! Аналарыңыздың, әйеліңіздің еңбегін бағалай біліңіздер! Қолыңыз қалт етсе, оларға көмектесуге тырысыңыз.
Ал өздері нәзік болса да таңның атысынан түннің бір уақытына дейін тыным таппайтын, шаршауды білмейтін (Алла оларға сондай бір күш-қуат беріп қойған), «шаршадым» деп айтпайтын қыз-келіншектер бұл еңбектері үшін тіпті ас әзірлегені үшін, тіпті ерінің бір ғана киімін жуғаны үшін ең үлкен сый – Алланың сыйы күтіп тұрғанын ұмытпаса екен дейміз…