Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Колледж студенттері өз қолымен дайындаған өнімін сатып, табыс таба алады

Колледж студенттері өз қолымен дайындаған өнімін сатып, табыс таба алады

 Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру мәселелері бойынша заңнама техникалық және кәсіптік білім беру деңгейін қалай қамтығанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр Facebook парақшасында заңға енгізілген өзгерістерге сай, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне мынадай тәртіп енгізілгенін жазды.

1. Енді студенттердің дуалды жүйесі арқылы білім алған мерзімі еңбек өтілі ретінде есептеледі. Бұл колледж түлектерінің жұмысқа айтарлықтай тәжірибемен орналасу мүмкіндігін арттырады.

2. Бекітілген заңнамаға сәйкес уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімдерін белгілеуі туралы норма алынып тасталды. Бұған дейін біз әр біліктіліктер бойынша білім алу мерзімдерін қатаң бекітетінбіз. Орташа есеппен алғанда, оқу мерзімі 2 жылдан 3 жыл 10 айға дейін жалғасатын. Енді оқу ұзақтығы нақты білім беру бағдарламасына және қажетті оқу нәтижелеріне байланысты болады. Жаңа өзгерістерге сәйкес колледждер жұмыс берушілермен келісе отырып, кәсіптік стандарттар немесе нарық талаптары негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Кейін оны ҚР БҒМ бағдарламаларының тізіліміне қосып, соған байланысты кадрлар дайындайды.

3. Колледж өкілдері көтерген тағы бір мәселе шешімін тапты. Енді колледждер ақылы негізде қызмет көрсетіп, оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында дайындаған тауарларын сата алады. Мәселен, «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша оқитын студенттер практика кезінде темірден сапалы конструкциялар жасайды, жас кондитерлер керемет өнімдер пісіреді, қолөнер бағытындағы мамандықтары бойынша оқитын студенттер киізден, керамикадан, ағаштан, былғарыдан, зергерлік бұйымдардан авторлық бұйымдар дайындайды. Бірақ оның бәрін сата алмайтын.

4. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарына қарасты біраз колледждер жұмыс істейді, бірақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол оқу орындары бюджет есебінен кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс ала алмайды. Жаңа түзетулерге сәйкес бұл мәселе оң шешімін тапты.

5. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін колледждердің аккредиттеуден өтуіне қатысты талаптар алынып тасталды.

«Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі болашақ мамандарды неғұрлым икемді, бейімделгіш, тиімді етіп және жұмыс орындарында талап етілетін құзыреттерді барынша үйретуге дағдылануы тиіс», - дейді Асхат Аймағамбетов.
13 қаңтар 2021 ж. 378 0