Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи кезеңге жаңа қадам

Тарихи кезеңге жаңа қадам

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тарихи кезеңге қадам басқан елдің ең қымбат байлығы − Тәуелсіздігі туралы мақала жариялады. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталған мақаланы оқып, танысып, ой қорыттым.

Шын мәнінде негізгі мәселе деп тұжырым жасаған барлық бағыт елдігіміздің мызғымас бірлігі үшін жасалған қадам екеніне дау жоқ.

Ең алдымен ел тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін жасалатын маңызды мәселелерді айтты. Солардың бірі − киноиндустрияны дамыту.

Отандық телеарналарға тарихи фильмдер түсіру керектігін тапсырды. Осындай фильмдер арқылы әлемдік аренаға шығудың мүмкіндігі мол екені, фильмдерге сценарий жазуда маңызды оқиғалар көп екенін айтты. Ашаршылық − ұлтымыздың басынан өткен қасірет. Оны тарих толық зерттемеген. Себебі қаза болғандардың саны нақтыланбаған. Сондықтан мұқият зерттеуді қажет ететін мәселенің бірі осы тақырып екені даусыз.

Тәуелсіздігімізге қол жеткізуге негізгі себеп болған Желтоқсан оқиғасының орын алғанына биыл 35 жыл. Үлкен мәні бар тақырыпты қозғағанда толғанбайтын жан жоқ. Сондықтан жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан сәтте тарих жаңаша түрде жазылуы оң бастама.

Әрбір қазақстандықты толғанды­ратын жер мәселесіне осы мақала арқылы нүкте қойылғандай. Себебі Мемлекет басшысы: «Қазаққа ұлан-ғайыр аумақты, сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Тарихымыз 1991 жылмен, 1936 жылмен өлшенбейді. Қазақ хандығы, одан әрі Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде өмір сүрген. Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысу керек» деді. Шекара мәселесінде − шегендеуліміз, тұтастығымызға көз тіккендерге тойтарыс береміз деген жалынды сөздер ел бірлігін одан сайын нығайта түспек. Сонымен қатар мақалада аймақ атауларын өзгерту байыппен жасалатыны, жас ұрпақты елін, жерін сүю үшін табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге үйрету аға ұрпақтың парызы екені ұғынықты айтылды.

Ел Президенті Тәуелсіздіктің 30 жылдығы келген тұста ұлық мереке − Наурызды тойлау туралы ерекше айтты. «Наурызды биыл жылдағыдан ерекше тойлаймыз» деп, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түсу, қоғамды ұйыс­тыратын құндылықтар бірлігімізді бекем етудің кепілі екенін айқындады.

Жастар − қоғамның қозғаушы күші. Жастарға қолдау білдіру, олардың сапалы білім алуына, грант иесі атануына жағдай жасау − мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық. Сон­дықтан талантты жастарды қол­дау – алдағы уақытта атқарылатын жүйелі жұмыстардың бірі. Бұл жайында Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды.

Елін, жерін шын сүйетін, жүрегі Отаным деп елжіреп тұратын патриот жастардың келешегі кемел болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
12 қаңтар 2021 ж. 481 0