Облыс әкімі балалар ауылына барып, тәрбиеленушілерді құттықтады
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, ондағы тәрбиешілер мен балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Мұнда бүгінде 7 отбасы, 56 бала тұрады. Аймақ басшысы алдымен «Байқоңыр» үйіне кіріп, отбасы мүшелерімен танысты. Бұл отбасында әр ұлттың балалары тәрбиеленеді. Отбасының ана-тәрбиешісі Жұлдыз Сәдібекова балалардың қонақтарға бөлмелерін көрсетті. «Байқоңыр» үйінің бірінші қабатында ойын бөлмесі бар. Тәрбиеленушілер мұнда бос уақыттарында ойын ойнап, қол өнермен айналысады. Ал, балалардың оқу бөлмесінде Елбасына арналаған Құрмет тақтасы бар. Үйдің екінші қабатында жатын бөлмелері мен қонақ бөлмесі орналасқан. Қонақ бөлмеде тәрбиеленуші Досымжан Әуезханов өңір басшысына «Атамекен» тақпағын айтып берді. Мұнан соң өзге балалар облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға сыйлықтары үшін алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мұнан соң балалар ауылындағы «Алатау» шығармашылық үйінің жұмысымен де танысты. Шығармашылық үйдің бірінші қабатында «Needle work» - тігін шеберханасы, «Robotics» - робототехника, «Бэйби рум» - бүлдіршіндерге арналған «Монтесори» әдісімен жұмыс өткізілетін балалар бөлмесі, «VIA and music studio» ансамблі, «Online library» - электронды кітапхана, «ACT hall» - акт залы орналасса, екінші қабатында «ART studio» - сурет, «Chess» - шахмат, «Домбыра», «Hand made» - қол өнер, «Media club» үйірмелеріне арналған бөлмелер бар. Акт залында өңір басшысы балалар үйінің тәрбиеленушілері ұйымдастырған жаңа жылдық мерекелік шараны тамашалап, оларды мерекемен құттықтады.
- Құрметті балалар, менің жас достарым! Сіздерді келе жатқан жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Балаларымыз озық ойлы, білімді болсын деген ниетпен қазіргі таңда мемлекет тарапынан да, өңір тарапынан да барлық жағдай жасалуда. Бос уақыттарыңыздың тиімді болуы үшін осы жерде «Робототехника», «Медиа клуб», «Шағын тігін шеберханасы», «Балалар және қолөнер бөлмесі» және «Арт студиясы» ашылды. Сіздер спортпен шұғылдансын, жаны сергек, тәні сау азамат болсын деп қаламыздағы «Мұз айдыны», «Евразия», «Тарлан» спорт кешендері мен «Оқушылар сарайына» тегін қызмет етуді үйлестірдік. Мен апайларыңыздан Сіздердің жағдайларыңызды үнемі сұрап отырамын. Олар Сіздердің жетістіктеріңізді бөлісіп, көңілімізді марқайтады. Атап айтсам, Рано Сабанкулова Лондон қаласында өткен Халықаралық шығармашылық фестивалінде І орын алыпты. Ал, бишілер мен әншілер тобы жақында Польша, Түркия елдерінде өткен халықаралық байқауларда бірінші орынға ие болыпты.Бұл жетістіктеріңіз мені өте қуантты. Әрдайым осылай зор жетістікке жете беріңіздер! – деді облыс әкімі Г.Әбдіқалықова.
Шара соңында балалар үйінің ауласындағы жасыл шырша қасында аймақ басшысы тәрбиеленушілермен естелікке суретке түсті.