Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада «Offline_guide_kzo» қосымшасы іске қосылды

Қызылордада «Offline_guide_kzo» қосымшасы іске қосылды

Қызылордада смартфондарға арналған оффлайн форматта аудиогид қосымшасы іске қосылды. Интернетсіз жұмыс істейтін қосымша Қызылорда облысы аумағында орналасқан 30 тарихи-мәдени ескерткіш туралы мәліметті 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) алуға мүмкіндік береді.

Жоба жетекшісі Қорқыт ата атындағы университетінің Экономикалық теория және мемлекеттік басқару кафедрасының оқытушысы Ағжан Карбозованың айтуынша бұл жоба өңірде алғашқы рет қолданылып отыр.

«Әлемдік туризм саласында аудиогид, оффлайн карта, оффлайн гид түсініктері кеңінен таралған. Алайда облыс аумағында мұндай форматта жұмыстар енді жүргізілуде. Жалпы біздің университетте 2018 жылдан бастап туризм мамандығы оқытыла бастады. Сондай-ақ білім алушыларға туризм саласында ғылыми жобалармен айналысуға жол ашылды. «Birgemiz: Asyl мura» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру» мақсатында шағын гранттар жарияланған болатын. Ол шарадан біз де қалыс қалмай «OFFLINE_GUIDE_KZO» атты жобамызды ұсындық. Осының нәтижесінде облыс бойынша 8 жоба ұтып, оның екеуі  Қорқыт ата атындағы университетке тиесілі болды. Өңіріміздегі тарихи ескерткіштердің барлығына бірдей интернет желісі тартылмаған. «Offline_guide_kzo» қосымшасының ерекшелігі сол интернетсіз жұмыс істейді», – дейді Ағжан Сайлаубайқызы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Туризм мамандығында білім алушы студенттер аталған жобаға ерікті ретінде тартылған. Олар тарихи нысандар туралы мәліметтерді өңдеуге орыс, ағылшын тілдеріне аударуға, аудиожазба жазуға атсалысқан.
04 қараша 2020 ж. 393 0