Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Депутаттар зейнет жасын азайту мәселесін көтерді

Депутаттар зейнет жасын азайту мәселесін көтерді

Қазақстанда зейнет жасын төмендету мәселесі жыл сайын көтеріледі. Алайда осы жолы бір топ депутат ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын шұғыл азайту қажеттігін мәлімдеді

Коронавирус инфекциясы, егде жастағы адамдарға қауіп төндіріп тұр. Сондықтан оларды үйден шығармай, зейнетке ертерек шығару қажет. Депутатар осылай деген болатын. Дегенмен, үкімет әйелердің зейнет жасын ерлермен теңестірмей жатып, бәрін үш жылға ерте демалысқа жіберуге мүдделі емес. Sputnik Қазақстан тілшісі осы мәселенің негізгі себептерін зерделеп көрді. 

Депутаттар ұсынысы

Саяси сарапшылар коммунистердің зейнет жасын төмендетуге қатысты ұсынысы мәжіліс сайлауы алдындағы белсенділіктің бір көрінісі десе де, бұл дер кезінде көтерілген бастама екенін ашық айтуымыз қажет. Бүгінде коронавирустан көп жағдайда 60 жастан асқан адамдар қайтыс болады. Себебі олардың иммунитеті төмен, созылмалы аурулары да аз емес. Содан инфекцияны тез жұқтырады. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растап отыр. Мәселен, қайтыс болған 10 пациенттің ішінде 8 адамда, кем дегенде, бір созылмалы жүрек-қантамыр және эндокриндік жүйе ауруы болған екен. Қазақстандағы өлім-жітімнің статистикасы да дәл осындай. 

Ресми мәліметке сәйкес, биыл қаңтар-тамыз аралығында елімізде 110 981 адам қайтыс болған. Олардың ішінде 78 637 адам (71%), яғни әрбір жетінші қазақстандық 60 жастан асқан. Осы өлім-жітімнің арасында коронавирус құрабандары да бар. Иә, бүгінде олардың ресми саны 2 мың адамнан аспайды. Дегенмен, маусым-шілде аралығында "белгісіз пневомониядан" қайтыс болғандарды да ескеруіміз керек. Себебі ол пневмонияда коронавирустың анық белгілері бар. Бүгінде оны "ковидтік пневмония" деп атайды және тамызда ресми түрде есепке ала бастады.  

Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, COVID-19 індетінің екінші толқыны болуы мүмкін. Коронавирустың мутацияға ұшырау қаупі де бар. Оған қоса, күз-қыс мезгілінде ЖРВИ және тұмау сияқты маусымдық аурулар өршиді. Коронавирустың ауыр түріне шалдығу және өлім қатері айтарлықтай артады. Шыны керек, ондайда, әсіресе, үлкен адамдарға аса сақ болу қажет. Осыған байланысты коммунистер үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, әйелдер мен ерлер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынған болатын.

Премьер-министр Асқар Мамин депутаттардың сауалына әлі жауап берген жоқ. Дегенмен, оның жауабы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтқанынан аспайтын сияқты.

Министрлік жауабы

Министр мырза "үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырған жоқ" дейді. Себебі әлемдік тәжірибе ескерілген. Экономикалық және демографиялық жағдай ондай өзгерісті жасауға мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны өсіп келеді. Жұмыс істейтіндер, керісінше, азаюда. Демек, бюджетке салық аз түседі. Ал қазынада ақша азайса, әлеуметтік төлемдер үшін қосымша қаржы көздерін іздеу керек.  

"Мәселен, он жыл бұрын елімізде зейнеткерлер мен жұмыс істейтін халықтың арақатынасы 20 процент болған, яғни, бір зейнеткерге бес жұмысшы келген еді. Қазір осы көрсеткіш 30 проценттен (1/3) асып кетті", - дейді Нұрымбетов.   

Министрдің айтуынша, Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың саны көбейіп жатыр. Бес жыл бұрын 6,8 процент болса, биыл 7,7 процентке дейін жеткен.

Негізі, елімізде әйелдердің жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңмен көтеру бастамасын заңдастырғанда дәл осы демографиялық болжам негізге алынған болатын. Себебі 90-шы жылдары бала туу көрсеткіші күрт төмендеп кеткен. Соның салдарынан 2020 жылға қарай еңбек нарығына шығатын жас мамандардың саны азаяды деді. Ал еңбек күші азайса, бюджетке салмақ түседі. Дәл осы салмақты азайту үшін әйелдердің жасын 2027 жылға дейін біртіндеп көтеруге шешім қабылданды. Оған дейін 2000 жылдан бері қарай туған балалар есейіп, еңбек нарығына келе бастайды. Осылайша, билік қиын қаржылық кезеңнен шығамыз деген. Алайда сол кезде коронавирус пандемиясының өршіп кететінін, соның салдарынан  жұмыссыздықтың басталатынын ешкім білмеген...

Біріккен ұлттар ұйымы да Қазақстанның демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұрғанын мәлімдеді. Халықтың қоныстануы саласындағы қордың (ЮНФПА) демография мәселелері жөніндегі жобалардың ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлованың айтуынша, бүгінде әлем бойынша халықтардың қартаю процесі байқалып отыр. БҰҰ класификациясына сәйкес, 65 жастағы адамдардың саны 7 проценттен асқан қоғам қартайып бара жатқан халыққа жатады.

"Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны көбейіп келеді. 2019 жылдың басында 60 жастан асқандар жалпы халықтың 11,6 процентін құраса, 65 жас пен одан жоғары адамдарың үлесі 7,5 процент болған. Мемлекет демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұр", - дейді Молдақұлова. 

Оның сөзіне қарағанда, солтүстік және орталық аймақтардың демографиялық жағдайы Еуропа елдеріне ұқсас. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде, сондай-ақ, астанада бала туу көрсеткіші көтеріліп келеді.

Дегенмен, облыстардың жартысы егде жастағы адамдардың саны жағынан 7 проценттік межеден асып отыр. Бұл – қартайып бара жатқан ұлттың анық көрінісі.

"Негізі, әзірше Қазақстанды жас ұлтқа жатқызуға болады. Дегенмен, халықтың қартаю мәселесін алдын ала ескерген жөн. Болжамға сәйкес, қазір 65 жастағы және одан жоғары егде адамдардың саны 7,3 процент болса, 2050 жылға дейін бұл көрсеткіш екі есеге өседі", - деп атап көрсетті Молдақұлова.

Сонымен, біз демографиялық қартаюдың алғашқы сатысында тұрмыз. Демек, зейнеткерлер онсыз да көп. Ал коммунистердің бастамасын іске асырса, бюджеттен ақша алатындардың армиясы көбейеді. Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесі қаралып отырмағанның негізгі себебі де осы шығар...

18 қазан 2020 ж. 376 0