Елімізде дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалған
COVID-19 індетінің өршу қаупінің ықтималдығына байланысты дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасалған. Бұл туралы «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінге дейін аймақтар жалпы құны 16,6 млрд теңге болатын қосымша қажетті дәрі-дәрмекке өтінім берді. 22 шілдеден бастап біз бүкіл медициналық ұйымда, инфекциялық және провизорлық стационарда дәрі-дәрмектің бір айлық қорын қалыптастыру туралы шешімге келген едік. Бұл шара стационарларда қорларды құрып, дәрі-дәрмек бойынша қауырт қажеттілікті жабуға көмектеседі», - деді Ерхан Есқалиев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектің тізімі де кеңейтілген. Ауруды жеңіл көтеретін азаматтар емханалардан ыстық түсіретін дәрілер мен антикоагулянттарды ала алады.
«Бүгінгі күні азаймайтын қалдық бойынша екі айлық қор қалыптастырылды. Құны 8,2 млрд теңгеге COVID-19 ауруына қарсы қажетті дәрі-дәрмектің 44 түрі сатылып алынуда. Ол бір ай бойы алты мың науқасты стационарларда емдеуге жетеді. Азаймайтын қалдықтың көлемі аймақтардың сұранысына қарамай жиналғанын атап өткім келеді. Коронавирустың екінші толқыны туындаған жағдайда ол қажеттілікті жауып береді. Дәрі-дәрмек көлемі хабтарда сақталады», - деді ол.