Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарапайым заттар экономикасы: Тұрақты дамудың жолы

Қарапайым заттар экономикасы: Тұрақты дамудың жолы

Бүгінгі таңда Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауарлар бар. Бір қарағанда экономикаға еселеп табыс әкелмейтіндей көрінгенмен, негізгі сұранысты осы «қарапайым заттар экономикасы» өтейді. «Қарапайым заттар экономикасы» деген не, оның халық үшін негізгі маңызы неде, оны дамыту еліміздегі шағын және орта бизнес өсіміне және ішкі нарықтағы импортты алмастыруға қалай әсер етеді, аудандағы ахуал қандай? Тарқатып көрелік...

Қазақстандағы «қарапайым заттар эко­номикасының» дамуы, сондай-ақ ұқсас бағдарламаны іске асырудың аралық қорытындылары туралы айтпастан бұ­рын, «қарапайым заттар экономикасы» түсінігінің өзі нені білдіретінін анықтап алу қажет. Оның негізгі міндеті неде? Мұнда Қазақстан азаматтары күнделікті пайдаланатын және ауқымды капитал жұмсалымы мен күрделі технологияларды талап етпейтін өнімдер шығарумен айналысады. Ал «қарапайым заттар экономикасын» дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және ең бастысы халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығаруға негіз болады. Жобаның басты мақсаты – халықтың қажеттіліктерін өтеу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру болып табылатыны сөзсіз. Қазақстан экономикасы шикізатқа бай. Тек оны өңдейтін өндіріс ошағы жоқтың қасы. Қарапайым тілмен айтқанда, ішкі сұранысты қанағаттандырып, жаңа өндіріс ошақтарын ашу осы бағдарламаның міндеті.

Апта басында аудан әкімі Р.Рүстемов аталған бағдарламаның маңыздылығы жөнінде «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. Онда аудан бойынша бағдарламаның субсидиялау тетігі шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 179 млн теңгеге 11 жобаның құжаттары да­йындалып жатқанын жеткізген. Мұнымен қоса дағдарысқа қарсы шаралар негізінде бағдарламаға енгізілген өзгерістер туралы айтылған.

–Осы жылдың сәуір айында өз­гер­істер мен толықтырулар енгізілді. Не­гізінде, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған кәсіпкерлер мәселесі жөніндегі жобалық кеңсе жұмы­сының нәтижесінде бағдарламаға қысқа мерзімде жалпы 5 рет өзгеріс енгізіліп, пайыздық мөлшерлемесі 8-ден 6-ға төмендеді. Енгізілген өзгерістерге байланысты жеңілдік кезеңі несие беру кезеңінің 3/1-не, кепілдендіру тетігі 50 пайызға дейін артып, несиелендіру мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзарды. Айналым қаражатын толықтыру 30 пайыздан 50 пайызға көбейтілді. Оның ішінде тамақ өнеркәсібінде 100 пайызға дейін шикізат алуға болады. Сонымен қатар, бұл бағдарлама жүзеге аса бастаған кезеңде тек қана банктер арқылы қаржыландырылып келсе, енді бұған «Аграрлық несие корпорациясы» қосылды. Бағдарламаға «Аграрлық несие корпорациясының» енгізілуі несиелендірілген жобалар көлемінің ұлғаюына және кепіл мүлік саясатының жеңілдеуіне қолайлы болды. Нәтижесінде бүгінгі таңда кәсіпкерлер белсенділігі артып келеді. Бағдарлама бойынша қаржылық жағдайдың, кепіл мүлкінің болуы, бизнес жобасының өміршеңдігі және банктердің ішкі талаптарына жауап беру талаптары қойылады. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының кәсіпкерлерге, халыққа тиімділігі мол, – делінген аталған жазбада.

Республика бойынша бұл бағдарламаға 13 банк қатыса алады. Ал оның жетеуінің филиалы біздің облыс­та бар. Атап айтқанда, «Халық банк», «Сбер банк», «АТФ банк», «Форте банк», «Банк центр кредит», «Жусан банк» және «Евразиялық банк» облигацияларын сатып алу арқылы жеделдік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарымен беріледі. Тек төмендетілген пайыздық мөлшермен.

ҚР Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде өнеркәсіп тауарларының шамамен 82 проценті, азық-түлік өнімдерінің 35 проценті, ауылшаруашылық өнімдерінің 23 проценті импортталады, яғни шетелден сатып алудамыз. Сол себепті Үкімет «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға ден қойып, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сол арқылы импорттың үлесін азайтуға маңыз беріп отыр.

Жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі өз қаражаты және оның басқаруындағы қаражаттар есебінен 600 млрд теңге бөлді. Оның ішінде 400 млрд теңге өңдеу өнеркәсібі мен қызметтерді ынталандыруға, 100 млрд теңге агро­өнеркәсіптік кешенде қайта өңдеуге, тағы 100 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өндіріске бағытталған. Бағ­дарлама аясында мемлекет банктер арқылы банктік қарыз бойынша пайыздық мөлшерлемесін субсидиялайды. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15 пайызды құрайды. Субсидиялау мөлшері номиналды сыйақы мөлшерлемесінің 9 пайызына дейін қамтиды. Субсидиялау мерзімі инвестициялар үшін 7 жыл және айналым қаражатын толықтыруға 3 жыл беріледі.

Қорыта айтқанда, тұрғындар өзге елдің заттарын тұтынбайды, шетелден келетін импорттық тауарларға тәуелділік азаяды, өзімізден шыққан киім-кешек, үй жиһаздары және азық-түлік секілді өнімдерді пайдаланады. Осы арқылы ішкі сұранысты арттырып, импорттың көлемін төмендетуге мүмкіндік туады. Тек тиімді жобалар қажет. Сондықтан аудан тұрғындары қазіргідей мүмкіндік барда, одан құр қалмаудың қамын жасаса болғаны.

Майя ҚОЖАБАЙ 

08 тамыз 2020 ж. 372 0