Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұрат Мұхамедов: Арал мен Сырдария өзені мемлекет көмегіне зәру

Мұрат Мұхамедов: Арал мен Сырдария өзені мемлекет көмегіне зәру

Сыр бойы, Сыр жері, Сыр халқы – мен үшін ең ыстық ұғымдар. Өйткені осы жерде кіндік қаным тамды, осы жерде азамат болып қалыптастым, осы жерде ең қимас достар таптым, осы жерде ғана барлық қиыншылықтарға шыдамдылықпен, төзімділікпен, сабырлылықпен қарайтын, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр халқы тұрады. Ал Сыр бойында қиыншылықтар бастан асады. Байқоңыр, Арал, Сырдария. Осы үшеуінде де адамзат қолымен жасалған, орнын толтыру өте қиынға түсетін проблемалар.
Жалпы, Байқоңыр қаласы Қазақстанның құзыретіне өту керек. Қаланың инфрақұрылымы қазіргі таңда соңғы отыз жыл жөндеу жұмыстарын көрмегендіктен тозған. Ресей оған бір тиын да салмайды. Екіншіден, космодромнан түсіп жатқан жал қаржысының елу пайызы (60 млн доллар) жергілікті жердің мұқтажы үшін берілу қажет. Осы мәселені былтыр үкімет басшысына кіргенімде де, депутаттық сауалда да көтерген едік. Саяси шешімге тіреліп тұрған сияқты. Арал мен Сырдарияға қатысты да көп мәселелер Орталық Азия мемлекеттері басшыларының ерік-жігерлеріне байланысты. Бір сөзбен айтқанда, ежелгі және орта ғасырларда өркениеттің орталығы болған, қазақ хандықтарының Астаналары орналасқан Сыр бойындағы Арал мен Сырдария өзені мемлекет көмегіне зәру.

Мұрат Мұхамедов
ҚР Парламенті Сенатының депутаты
22 маусым 2020 ж. 393 0